Жаңа ұсыныс, тілектер жерде қалмайды - А.Көлгінов, Орал қаласының әкімі

Алдымен облыстық жастар мәселелері жөніндегі басқарма бастығы Серік Молдағалиев облыстағы жастар саясаты жөнінде әңгімеледі.
"Нұр Отан" ХДП "Жас Отан" жастар қанаты облыстық филиалының атқарушы хатшысы Дархан Қадыралиев әр түрлі тәрбиелік шараларлы ұйымдастырғанда түзеу мекемелеріндегі жастарды да қамту қажет деген ұсынысын білдірді. Қаланың жанындағы кенттік округтердің жастары арасында ешқандай жұмыстар атқарылмай жатқаны да сөз болды. «Жастар мәдениет үйі жастарға арналған шараларға арендалық ақы сұрамаса» деген белсенділер жалға ақша төлеу үшін билет сататындарын, сол себепті студенттердің бәрін мәдени шаралармен қамти алмай отырғандарын қынжылыспен жеткізді. Ұсынысты қолдаған қала әкімі қалалық спорт бөлімінің теңгеріміндегі спорт залдарды, аула алаңқайларын пайдалы іске бөлуге келісетіндігін білдіріп, жастар арасында туризмді де дамыту қажеттігін айтты.
«Ауыл жастары одағы» корпоративтік қорының атқарушы директоры Серік Тоқмамбетов: «облыс көлеміндегі өз іс-шараларымыздың шеңберіне ауыл жастарын қамтып келеміз. Жастардың жартысынан көбі қалада жүргендіктен, осы істерімізге қалалық бюджеттен де қаржы бөлінсе» деген бұйымтайын айтты. БҚО жастар мәслихатының хатшысы, кәсіпкер Дәурен Сатқанов ішкі туризм, патриоттық мәселелерді қозғап, жастарға тәлім-тәрбие беретін кино түсіру туралы ойын білдірді.
«Қазақстан-Орал» телеарнасының тілшісі Жидегүл Аманғали жастардың кәсіпкерлігі дамымай отырғандығын тілге тиек етті. «Жастарда тың ойлар, инновациялық жобалар жетерлік. Алайда нақты бизнес-жоба жасаудың бағытын білмей жатады, осы тұрғыда көмек берілсе» дейді ол.
Алтай Сейдірұлы «жастардың кәсіпкерлікпен айналысуы олардың белсенділігіне байланысты, тиімді бағдарламалар бар. Биыл кенттік округ тұрғындарына да жеңілдетілген несие алуға мүмкіндік берілді» деді. Ал бизнес-жобаларға сервистік қолдау, бизнес-жоба жасауға кеңес беруге тендер ұйымдастырылғанын, алда бұл бағытта көмек көрсетілетінін айтты.
Сондай-ақ отырыста жастардың тұрғын үй мәселесі, олардың бос уақытын тиімді өткізуі, студенттердің мекенжайға тіркелу мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Балалардың би мектебі қажеттігі де айтылды. Жиында Орал қаласында Жастар мен оқушылар сарайы салынуы мүмкіндігі белгілі болды.
Жаңа әкім «Болашақ» бағдарламасы арқылы биыл да жұмыстар жалғасатынын, тәжірибе алмасуға шетелге жастар жолданатынын тілге тиек етіп, жастарды белсенділік танытуға шақырды. «Қазір Оңтүстік Кореяда дәрігерлеріміз, ЖОО оқытушылары тәжірибе жинақтауда. Олар елге келіп, медицина, білім сапасын жақсартуға айтарлықтай үлес қосады деп сенеміз» деп атап өтті.
Оқушылардың арасында қылмыстық оқиғалардың алдын алу үшін қала мектептеріне бейнекамералар орнатуды да сұрады жастар. Балалардың аула клубтары жұмысын жандандыру жайлы да әңгіме өрбіді. Сондай-ақ қоғамдық тәртіп, тазалық мәселелері де қозғалды. Көкейге қонымды ұсыныстарды түртіп отырған әкім көктем басталғалы өздері бастама көтеріп, сенбілікке шығып, қаланың тазалығына күшін аямаған жастарға алғысын айтты.
М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың жастармен жұмыс бөлімінің меңгерушісі Мейрам Исатаев студенттердің еңбекке араласатын мезгілі тек жаз болғандықтан, «Жасыл ел», студенттік жасақтардың квотасын көбейту туралы ұсыныс айтты. Оның үлгерімі үздік, қоғамда белсенді студенттерге қала әкімінің арнайы шәкіртақысын тағайындау, ынталандыру бағытында алғыс хатпен болса да марапаттау туралы ойы да жиналғандардың қолдауын тапты.
«Айтылған жаңа идеялар, жақсы ұсыныстар осы жерде қалып қоймауы тиіс. Біз қаламыздың бәрімізге ортақ мәлелелерін бірлесе шешуге әзірміз», - деді Алтай Көлгінов жиын соңында.