«Жаңа Жібек жолы» қалай салынуда? - ақпараттық шеру

АСТАНА. 23 қазан. ҚазАқпарат - 23 қазанда  «Батыс Еуропа - Батыс Қытай»  халықаралық  көлік  дәлізінің  қазақстандық учаскесінің  Қызылорда-Алматы  бағыты бойынша ақпараттық шеруі өз жұмысын бастайды.  Бұл туралы ҚР Көлік және коммуникация  министрлігі  хабарлайды.
None
None

Инфотурға қатысушылар  (қоғам қайраткерлері,  жол құрылысы саласының мамандары, журналистер, блогерлер, әртістер) асфальт пен цементобетон төсеу  процесін өз көздерімен көріп,  жол құрылысының заманауи технологияларының артықшылықтарымен танысады. Құрылыс нысандарында, зауыттар мен зертханаларда  болып,  жол  жабындыларының   төзімділігін сынайды, құрылыс материалдарының сапасын тексеріп көреді. 

Шара барысында қатысушылар құрылыс компанияларының басшыларымен, инженерлермен, жобалаушылармен, құрылысшылармен кездесіп, өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алатын болады.

Ақпараттық шеру бағдарламасында Оңтүстік Қазақстан  облысындағы  тарихи  ескерткіштерге бару жоспарланған.

Ақпараттық турдың барысымен  Интернет арқылы  Twitter-ден (#ZEZK), күн сайын  «Қазақстан»  ұлттық  арнасының  эфирінен  (Жаңалықтар 20.30),  «Бірінші арна Евразия» (Новости 18.30), «Астана»,  «Қазақ радиосы» эфирлерінен және «ҚазАқпарат» жаңалықтар таспасынан хабардар бола аласыздар.

Бұл жобаны   ҚР Көлік және коммуникация  министрлігі  «Қазақстан» РТРК-мен және  Қазақстан автожолшылар қауымдастығымен бірге  ұйымдастырып отырғанын айтып өту керек.

Естеріңізге сала кетейік, «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» магистралін қайта салу Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың  бастамасымен 2009 жылы қолға алынды.  Батыс пен Шығысты жалғаған сауда магистралі - «Ұлы Жібек жолын»  бес ғасыр өткен соң қайта жаңғыртуды  Елбасы өзі ұсынған еді. Нәтижесінде көрші мемлекеттермен бірқатар меморандумдар қабылданып, ғасыр жобасын жүзеге асыру  туралы келісімге қол қойылды.

Бұл жоба Қазақстан үшін еліміздің транзиттік әлеуетін дамытумен қатар республикамыздың оңтүстігі мен батыс өңірлерінің  бір-бірімен сенімді көлік байланысын орнатуы үшін де маңызды.

«Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі - Қытайдан Еуропаға тауар тасымалдаудың ең қысқа жолы болып табылады. Бұл қашықтықты аталған көлік дәлізімен жүріп өтуге  10 күн кетеді, ал темір жол арқылы жүріп өтуге 15 күн жұмсайтын болсақ, теңіз арқылы аталған қашықтықты жүріп өтуге бір жарым ай  уақыт (45 күн) кетеді екен.

«Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің қазақстандық учаскесінің ұзындығы  2 787 км құрайды,  соның  2 452 км  қайта салуды қажет етеді. Қазір  құрылыс жұмыстары  4 облыста: Ақтөбе, Қызылорда, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстанда 34 учаске бойынша  1 621 км  жолда  жүргізілуде. Бүгінге  215 км құрайтын  Қарабұтақ - Ырғыз - Қызылорда обл. шекарасы пайдалануға берілді. Ағымдағы жылы 700 км жолды тапсыру көзделуде, соның 516 км Қызылорда облысы бойынша, 184 км Жамбыл облысы бойынша өтеді. Қазақстандық учаскені толық аяқтау және қолданысқа беру  2015 жылға жоспарланып отыр.   

Соңғы жаңалықтар
Референдум