«Жаңа Жібек жолы» жобасы аясында «Қорғас» халықаралық шекаралық әріптестік орталығы құрылады - Үкімет басшысы

  АСТАНА. 13 Қараша. ҚазАқпарат - «Жаңа Жібек жолы» жобасының аясында «Қорғас» халықаралық шекаралық әріптестік орталығының ашылуы үлкен маңызға ие.
None
None

Бұл туралы бүгін Астанада өтіп жатқан «Стратегиялық серіктестік 1520: Орталық Азия» атты ІІІ Халықаралық темір жол бизнес-форумында ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов айтты.

«Қытай мен Қазақстан арасындағы шекара халықаралық маңызы бар хаб болып табылады. Оған 1520 кеңістігіндегі (ені 1520 мм-лік темір жол стандарты енгізілген елдер) тұрақты контейнерлік маршруттар жүйесі қосылатын болады», - деді Үкімет басшысы.

Естеріңізге салай кетейік, бұл шара 12-14 қараша аралығында өтеді. Дәстүр бойынша, оны биыл жазда Сочиде өткен «Стратегиялық серіктестік 1520» форумының мазмұндық жалғасы деп айтуға да болады. Аталған форумда трансеуразиялық көлік дәліздерін дамыту мәселелері талқыланған еді. Темір жол саласы үшін үлкен маңызға ие бұл мәселе Орталықазия аймағы контексінде де қаралып, оның көліктік-логистикалық және транзиттік әлеуетіне айрықша басымдық берілуде.

Сонымен қатар, форум барысында Қытай экономикасының қажеттілігі үшін бәсекеге қабілетті көлік өндірісін қолға алу, Шығыс-Батыс бағытында контейнерлік бизнес белсенділігін арттыру, соңғы үлгідегі жылжымалы құрам жасау, жолаушылар тасымалы нарығын дамыту мәселелері де маңызды сипатқа ие болады деп жоспарлануда.

Айта кетерлігі, жиын «1520 кеңістігіндегі» темір жолдарды стратегиялық дамыту бағыты бойынша ірі халықаралық келісімдерге келіп, сондай-ақ темір жол техникасын жеткізу және қызмет көрсетуге қытысты ірі келісімшарттар жасауға мол мүмкіндік жасайды.

Форумға 350-ден астам делагат қатысуда. Олардың арасында «1520 кеңістігіндегі» мемлекеттердің ұлттық темір жол компанияларының, Қазақстан, Ресей және Орталық Азияның өзге де елдерінің мемлекеттік басқармаларының, сондай-ақ McKinsey&Company, Boston Consulting Group сияқты халықаралық жетекші консалтингтік құрылымдарымен бірге Еуроодақ және ТМД елдерінің ірі машинақұрастыру, көлік кәсіпорындарының жетекшілері бар. 

Соңғы жаңалықтар