Жаңа жылыту маусымына әзірлік қатаң бақылауда - Апталық шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - Осы аптада ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінде Елбасы қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зейнетақымен қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңын түсіндіру бойынша баспасөз мәслихаты өтті.
None
None

Осы орайда вице-министр Светлана Жақыпова Заңда азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыру мәселесі бойынша негізгі үш өзгерістің қарастырылатынын хабарлады.

Атап айтқанда, біріншісі базалық зейнетақы төлемін тағайындау тәртібін өзгертуге байланысты болып отыр. 2017 жылғы 1 шілдеден бастап базалық зейнетақы төлемі зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты және зейнеткерлік жасқа (58-63/63) жеткен кезде ғана тағайындалатын болады.Бұл ретте, зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне ынтымақты жүйесінде (1998 жылғы 1 қаңтарына еңбек өтілі) істеп шыққан өтілін, сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналар аударылған кезеңін (зейнетақы жарналары аударылған нақты өтілі) қосады.

Егер де, азаматтың еңбек өтілі 10 жылдан аз немесе еңбек өтілі мүлде болмаса онда базалық зейнетақының мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің (КД) 50 пайызын құрайды. Базалық зейнетақының мөлшері 10 жылдан артық әрбір жыл үшін 2 пайызға ұлғайтылады, өтілі 35 жыл және одан көп болған жағдайда КД 100 %-ын құрайды (өтілі 20 жыл болса базалық зейнетақының мөлшері - КД 70 %-ын, ал 30 жыл болса - КД 90 %-ын құрайды).

Бұл өзгерістер бір жағынан, еңбек өтілі көп болғанымен, табыстары туралы мәліметтердің болмауы себепті төмен мөлшерде зейнетақы алатын зейнеткерлерге қатысты әлеуметтік әділдік орнатуға, екінші жағынан, бүгінгі және болашақ қызметкерлер буынын еңбек қатынастарын заңдастыруды ынталандыру үшін мүмкіндік береді.

Екінші мәселе жұмыс берушінің қосымша 5 пайыздық міндетті зейнетақы жарналарын (ЖМЗЖ) белгілеу есебінен зейнетақы жүйесінің жаңа шартты-жинақтаушы құрамдауышын енгізуге қатысты. Жұмыс беруші өз қаражаты есебінен 5 пайыздық міндетті зейнетақы жарналарын аударған қызметкерлер шартты-жинақтаушы құрамдауыштың қатысушылары болып табылады.

Бұл жарналар азаматтардың меншігі болып саналмайды және әрбір қызметкердің Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында ашылған шартты зейнетақы шотында тіркелетін болады. Зейнетақының аталмыш құрамдас бөлігі өмір бойы төленеді және мұраға қалдырылмайды. Зейнетақылардың мөлшері жыл сайын БЖЗҚ экономикалық мүмкіндіктеріне және демографиялық көрсеткіштеріне қарай индекстелетін болады.

Мұнымен қоса құжатта жекелеген санаттағы азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыруды жетілдіру мәселелері қамтылған. 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық күш құрылымдардың қызметкерлерін зейнетақымен қамсыздандыру толық мемлекеттік қамсыздандыруға ауыстырылады. Олардың зейнетақысының мөлшері қызметтен босатылған кездегі еңбек сіңірген жылдары және ақшалай қамтылымына қарай есептелетін болады.

«10 пайыздық міндетті зейнетақы жарналары азаматтарға дәл сол қалпында төленетін болады. Оның мұраға қалдырылатыны айқын. Ал 5 пайыздық аударым мұраға қалдырылмайды. Оларды жұмыс беруші аударатындықтан, жұмыскердің меншігі болып есептелмейді. Аталмыш сома ЖМЗЖ активінде болады және зейнеткерлер арасында қайта үлестіріледі», - деп түсіндірді С. Жақыпова.

Айта кетейік, вице-министр базалық зейнетақы төлемін тағайындау тәртібінің өзгеруіне байланысты қосымша құжаттарды тапсыру қажет болмайтындығын жеткізді. «Бұл тұрғыда қосымша құжаттар бойынша қарттарымыз алаңдамауы тиіс. Атап айтқанда, зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталыққа ешқандайда қосымша құжаттарды тапсыру керек емес. Осы бағыттағы барша жұмыстар мәліметтердің орталықтандырылған базасынан жүргізіледі», - деді министрдің орынбасары.

Оның сөзіне қарағанда, аталған орталықта барлық қазақстандықтардың еңбек өтілі бойынша толық ақпарат жинақталған.

Жаңа жылыту маусымына әзірлік тұрақты мониторингте болады

Бұл аптада Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев алдағы жылыту маусымына әзірлік мәселелері жөнінде селекторлық кеңес өткізді.

Таратылған мәліметтерге қарағанда, 2015-2016 жылдардағы жылыту маусымына нысандарды әзірлеу коммуналдық қызметтермен келісілген кестеге сай жүзеге асырылуда. 2015 жылы 9 энергоблокты, 59 энергетикалық қазандықты және 47 турбинаны күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған. Тамыз айының басына 4 энергоблокта, 30 қазандықта және 20 турбинада жөндеу жұмыстары аяқталды. Жылу маусымына жылумен жабдықтау желілерінің әзірлігі 60 пайызды құрайды, білім нысандарының 79 пайызы, денсаулық сақтау мекемелерінің 75 пайызы, тұрғын үйлердің 63 пайызы дайын болды. Жылу көздерінің 100 Гкал/сағатқа дейінгі қуаттарына алдағы жылыту маусымында отын қажеттілігі 1 883 мың тонна көмір мен 230 мың тонна мазутты құрайды. Бұл орайда қазірдің өзінде 591 мың тонна көмір және 54 мың тонна мазут әзірленді.

Кеңес қорытындыларымен Бақытжан Сағынтаев Энергетика министрлігіне электр стансаларының алдағы жылыту маусымына әзірлігі барысына, нормативтік отын қоры жиналуына тұрақты мониторинг ұйымдастыруды тапсырды. Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдіктеріне барлық жөндеу науқандарын және жоспарланған шараларды толық орындауды қамтамасыз ету, жауапты әкімдер орынбасасарларын бекіте отырып, коммуналдық сектор мен әлеуметтік саланың барлық нысандарын жылыту маусымына дер кезінде әзірлеу, сондай-ақ коммуналдық қызметтер үшін дебиторлық және ағымдағы қарыздардың өсуіне жол бермеу жөнінде шараларды қолға алу тапсырылды.

Энерготиімділік тұрғысында заңнамаға өзгерістер енгізілмек

Өтіп бара жатқан осы аптада Орталық коммуникациялар қызметінде «Энергия тиімділік саласына стратегиялық инвесторлар тарту» тақырыбында өткен баспасөз мәслихатына ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Альберт Рау қатысып, ол «100 қадам» Ұлт жоспары аясында елімізде энерготиімділікті қамту үшін заңнамаға өзгерістер енгізу көзделетіндігін атап өтті.

«Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 59-шы қадамы бойынша энерготиімділік саласына инвесторлар тартуды дамыту жүктелген болатын. Қазіргі таңда осы бағытта біз германиялық энергетикалық агенттікті стратегиялық әріптес ретінде айқындап отырмыз. Бұл агенттіктің энерготиімділік саласында тәжірибесі өте зор. Біз осы институтпен әріптестік туралы келісімшарт жасадық, енді олар бізге энергосервистік компаниялар тартуға жәрдемдесетін болады», - деді Альберт Рау.

Белгілі болғандай, «100 қадам» бойынша энерготиімділік шараларын жүзеге асыру мақсатында заңнамаға бірқатар өзгерістер енгізу көзделеді. Атап айтқанда, бюджеттік, табиғи монополияларды реттеу туралы заңнамаларға өзгерістер күтіледі.

«Қарапайым тілмен түсіндірсек, бүгінгі күні еліміздегі бір мектепті жылыту үшін маусым барысында айына миллион теңге қажет етіледі. Ал ертең энергосервистік компания келіп, энергия үнемдейтін қазандық орнатады делік. Ол қазандық айына 800-900 мың теңгені қажет етуі мүмкін. Бұл жерде бюджеттен мектепті әлгіндей қаржыландыру жалғаса береді де, есесіне қалдық қаражат энергия үнемдеумен айналысатын компанияға беріледі. Міне, бюджеттік заңнамада осындай өзгерістер орын алмақ», - деді вице-министр.

Бұдан бөлек, энергия шығыны үлкен болып табылатын коммуналдық секторға да осы тақылеттес өзгерістер енгізілмек. Коммуналдық қызметтер тарифіне инвестициялық құрамдастар енгізіледі, яғни үнемделген қаражат инвесторлар қалтасына түседі деген сөз.

Түйіндей айтқанда, энерготиімділік бойынша бюджетке де, табиғи монополия субъектісіне де салмақ түспейді, оны инвестор көтереді. Есесіне, инвестор үнемдеуді нақты атқарып, үнемдеуден қалған қалдық қаражатты өзі иеленіп отырмақ.

Мұнымен қоса А. Рау өнеркәсіп саласында энергия тұтынуды 2020 жылға қарай 25 пайызға төмендету көзделетіндігін атап өтті.

«Біз күні кеше ірі германиялық энергия үнемдеу компаниясымен келіссөздер жүргіздік. Айналымы миллиард еуроны құрайтын компания жаңғыртуды қажет ететін еліміздің саласына келуге мүдделілік танытып отыр. Оларда арзан кредиттік ресурстар баршылық, жаңғырту жұмыстарын жүргізуге де дайын. Ең бастысы оларды да, бізді де өнеркәсіп саласы қызықтырып отыр», - дейді А.Рау.

Қазақстанда ең көп энергия тұтынатын, резервтері де ауқымды сала өнеркәсіп саласы болып табылады.

«Осыған орай, Президент жалпы ішкі өнімдегі энергия тұтынуды 2020 жылға қарай 25 пайызға, ал 2050 жылға қарай 50 пайызға төмендетуге қол жеткізуді тапсырған болатын. Міне, біздің стратегиялық міндетіміз де осы меже. Біз өнеркәсіп саласында осы міндетті орындайтын боламыз», - деді вице-министр.

Қазақстандық қамту ДСҰ аясында 2021 жылға дейін ғана қолданылады

Жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуларындағы қазақстандық қамту талаптары ДСҰ ережелеріне қайшы келеді. Сондықтан да, Үкімет оны алмастыратын тиісті қолдау шараларын 2021 жылдың 1 қаңтарына дейін қабылдайтын болады. Бұл жайында осы аптада Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Ұлттық экономика министрлігі Сыртқы сауда қызметін реттеу департаментінің директоры Жанель Күшікова осылай мәлімдеді.

Департамент басшысының сөзіне қарағанда, қазақстандық қамтуға көбірек тәуелді өндірушілер жапа шекпес үшін ДСҰ аясында өтпелі кезең қарастырылып отыр. Яғни, 2021 жылға дейін бүгінгі күні бекітілген келісімшарттар күшінде қалатын болады. Ал осы кезең ішінде Үкімет жер қойнауын пайдаланушылардың келісімшарты арқылы жұмыс істеп тұрған отандық өндірушілерді қолдау үшін тиісті шараларды қабылдауы керек.

«Ендігіде жер қойнауын пайдаланушылармен жаңа келісімшарттар жасасқанда онда қазақстандық қамту туралы талап болмайды. Дегенмен, бұның нәтижесінде қазақстандық өндірушілерді қолдау азаймайды. Бұл үшін Үкімет кешенді қолдау шараларын әзірлеуге кіріскен. Сондықтан да, алдағы қолдау мәселелерінің барлығы Қазақстан бюджетінің мүмкіндіктеріне қарай болуы мүмкін. Ал қызметтерді жеткізушілер үшін ешқандай да қорқыныш жоқ, өйткені оларға қатысты қазақстандық қамтуды біз елу пайыз деңгейінде қалдырдық», - деді Департамент директоры.

Бұдан бөлек ол Қазақстанның ДСҰ-ға кіруі аясында шетелдік қызмет көрсету саласының отандық нарыққа енуі көзделетіндігін сөз етті. Бүгінгі күні 115 қызмет көрсету секторымен келіссөздер жүргізілген. Сонымен қатар, ДСҰ-ға өткеннен кейінгі бес жылдан соң Қазақстанда тікелей шетелдік банктер мен сақтандыру ұйымдары ашылатын болады.

«Біз қаржы секторын ырықтандыру жұмыстарын жүзеге асыратын боламыз. Бұл ретте шетелдік банктер енді бес жылдан кейін өздерінің филиалдарын Қазақстанда ашуға мүмкіндік алатын болады. Ол филиалдардың қызметтерін реттеу бойынша мүмкіндіктер де ұсынылып отыр. Біз олардың негізгі капитал мөлшеріне қатысты қатаң шарт белгілеп отырмыз», - деді департамент басшысы.

Оның сөзіне қарағанда, телекоммуникация қызметтері секторы да ырықтандырылмақ. Айта кетерлігі, бүгінгі күні қалааралық және халықаралық байланыс қызметтерін жеткізуші компанияларға шетелдік капиталдың қатысуына шектеулер бар, яғни қатыстырылатын шетелдік капиталдың мөлшері 49 пайыздан аспауы шарт. Алайда, департамент басшысының айтуынша, бұндай шектеулер Қазақстан ДСҰ-ға өткеннен кейінгі алдағы 2,5 жылда жойылады. Тек ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан «Қазақтелеком» АҚ-на ғана бұндай шара қарастырылмайды.

«Тұтастай алғанда бұл халық үшін жағымды құбылыс болмақ. Өйткені, шетелдік қызмет көрсетуші компаниялардың нарыққа енуі бәсекелестікті арттырады, сәйкесінше баға да арзандап, сапа жақсармақ», - деді Ж. Күшікова.

Мемлекеттік білім грантын алуға 60 мыңнан астам адам үміткер

Бұл аптада ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрiнжiповтің төрағалық етуімен Білім гранттарын тағайындау бойынша республикалық конкурстық комиссияның отырысы өтті. Комиссияның құрамына аталмыш ведомство мен денсаулық сақтау министрлігінің қызметкерлері, жоғары оқу орындарының ректорлары, білім беру қызметкерлерінің кәсіподақтары кіреді. Айта кетейік, білім гранттары Ұлттық бірыңғай тестілеу мен кешенді тестілеудің нәтижелері бойынша ЖОО-ларға оқуға түсіп жатқан абитуриенттерге тағайындалады.

«Мемлекеттiк гранттарды тағайындау бойынша комиссияның отырысын өткiзетiн боламыз. Мемлекет тарапынан бiз 32 мың грант бөлемiз. Оның iшiнде техникалық мамандарға арналған 12,5 мың грант, педагогикалық мамандықтарға - 6 мың грант, ауыл шаруашылық мамандықтарына 2,5 мың грант қарастырылады. Өздерiңiз бiлетiндей, биыл Ұлттық бiрыңғай тестiлеу жоғары деңгейде өткiзiлдi. Нәтижелерi былтырғы жылғымен салыстырғанда жоғары. Сондықтан биыл конкурсқа қатысатындардың саны 67 мыңға жеттi. Олардың iшiнде 78 пайызы қазақ тiлiнде бiтiрген балалар, 22 пайызы - орыс тiлiнде бітіргендер. Сол себептi 32 мың гранттың iшiнде 78 пайызы қазақ бөлiмдерiне арналған. 22 пайызы орыс тiлi бөлiмдерiне деп қарастырылып отыр», - деп атап өттi министр тiлшiлерге берген сұхбатында.

Гранттарды үлестіру барысында «Алтын белгі» иегерлеріне, халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми сайыстардың, байқаулардың және спорттық жарыстардың жеңімпаздарына басымдық беріледі.

Соңғы жаңалықтар
Референдум