Жаңақала ауданы әкімі есебінде мал шаруашылығын дамыту негізгі әңгіме өзегіне айналды

Аудан тұрғындарының алдында есепті мерзім ішінде атқарылған істердің есебін берген Жаңақала ауданының әкімі Лавр Хайретдинов жұмыста орын алған олқылықтарды да бүкпесіз айтып, кемшілік себебі мен түзетудің жолдарын әңгімеледі. Сондай-ақ ауданның ахуалын жақсартудағы алда тұрған міндеттерді айқын саралап берді.
Жаңақала ауданының негізгі өндірісі - мал шаруашылығы. Осыған орай мал өсірудің аудандағы жағдайын байыпты әңгімелеген аудан басшысы алдыңғы жылдармен салыстырғанда түлік басының азаюына бруцеллез ауруының, төл алудағы және мал есебіндегі кемшіліктердің негіз болғанын айтты. Аудан жағдайында мал басы ұйымдасқан шаруашылықтардан гөрі жеке аулаларда көбірек. Нақты сараптаулар ұйымдасқан шаруа қожалықтарында мал басы кемімей, жеке иеліктерде кеміп отырғанын көрсетуде. Бұған себеп - Үкімет мал шаруашылығын дамытуға қолдау көрсетуде жеке аулалармен жұмыс істей алмайды. Сондықтан осы жайды талдап көрсеткен аудан әкімі жекелердің ұйымдасқан шаруашылықтар құрып, олардың ауылдық тұтыну кооперативтеріне бірігіп, мемлекеттің қолдау көмектеріне қол жеткізулерін ұйымдастыруды алдағы басты міндеттердің бірі екенін атап көрсетті.
Аудан аумағындағы жердің 24 пайызы ғана пайдаланылып, 40 пайызы су тапшылығынан бос жатыр. Су мәселесі шешілсе, алдағы міндеттердің бірі болып саналатын отарлы мал шаруашылығын дамытуға мүмкіндік бары да айтылды.
Ветеринарлық шараларды жандандыру, қолдан ұрықтандыруды жақсарту арқылы асыл тұқымды малдардың үлес салмағын көбейту де алдағы міндеттердің қатарына кірді.
Ысырап болып текке шіріп жатқан қой жүні мен мал терісі де сөз болмай қалған жоқ.
Құрылыс саласын да нақты қамтыған аудан әкімі облыспен арадағы автокөлік жолының жөнделу жағдайын баяндап, облыс басшыларының қолдауымен оны аяқтауға жұмыстануды алдағы мақсаттар қатарына қосты.
Жаңақала, Көпжасар ауылдарына су беретін таза су қондырғысын қондыру, Елбасы Жолдауындағы тұрғындардың баспанаға қолжетімділігін жүзеге асыру, ауылдарды абаттандыру мақсатында барлық елді мекендерді техникалық сумен қамту, жерасты тұщы су көздерін іздестіріп, құдықтар қаздыру да осы саланың алдағы міндеттері болды.
Ел Президентінің биылғы Жолдауындағы бірінші басымдық - халықты жұмыспен қамту мәселесі. Ауданға аз қамтылған жұмыссыздар үшін биылғы жылы 550 млн. несие бөлініп отыр.
Облыс әкімі Н.А.Ноғаев еліміз бойынша әр жылға тән атқарылған істер, табыстар мен қиындықтарды әңгімеледі.
-Өткен жылы облыста күтпеген су тасқыны болды. Көптеген қаржы тасқын зардабын жоюға жұмсалды. Оның ішінде сіздердің де үлестеріңіз болды. Ел басына түскен ауыртпалыққа түсіністікпен қарап, көмек шараларын ұйымдастырып, түсіністік танытқандарыңыз үшін ризалығымды білдіремін, - деген облыс әкімі тұрғындар сұраған су тазарту қондырғысын қою мәселесін шешу, апатты мектептерді жаңалауға қаржы көзін қарастыру облыста жасалар іс-шаралар жоспарына енгізіліп, бірінші басымдық берілетініне тұрғындар назарын аударды.