Жаңақалалық жауынгер Қ.Жұмалиевтің жерленген орны 68 жылдан кейін табылды - БҚО

Соғыс және еңбек ардагері, Қазақстанның құрметті журналисі Мәжит Жадановтың айтуынша, Атырау облысында тұрған Жұмалиевтер отбасы аштық зұлматына ұшырап, ата-анасынан бірдей айрылған Мақсот, Қабдол, Тәкес есімді ағайындылар жетім қалды. Туыстары бауырларын қамқорлығына алып, Астрахан облысына қоныс аударды. Сөйтіп, оларға ата-анасын жоқтатпай өсірудің қам-қарекетін жасады. Содан олар 1939 жылы Жаңақала ауданына қоныс аударып, қалың қазақтың ортасына енді. Туыстарының ұлағатты тәрбиесіне бөленді, оқып, білім алды, есейіп ержетті. Олардың үлкені Мақсот әскери комиссариатта әкімшілік-шаруашылық бөлімнің меңгерушісі болып қызмет істесе, Қабдол жасы келген соң Ұлы Отан соғысына аттанды.
Ал мектеп қабырғасынан шыққан Тәкес те есейіп, мамандық алып, ұзақ жыл есеп қызметін атқарды. Тәкес ауылдың бойжеткені Меңдіғаныммен бас қосып, отбасын құрды. Тәкес пен Меңдіғаным отбасында алты ұл, бір қыз өсіріп, қалаған мамандығын алуына, отбасын құрып, үйлі-баранды болуына қамқорлығын жасап бақты. Қазір Тәкес те, Мендіғаным да жоқ. Перзенттері ұрпақ өсіріп, әр салада жемісті еңбек етуде.
Әскери комиссариаттың мұрағаты негізінде 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысында қаза тапқандар мен хабарсыз кеткен жауынгерлер туралы "Боздақтар" кітабының шыққаны баршаға аян. "Боздақтар" кітабында: "Жұмалиев Қабдол 1925 жылы туған. Жаңақала әскери комиссариаты арқылы 1943 жылдың қыркүйегінде әскерге шақырылған. Қатардағы жауынгер 1945 жылы сәуірде қаза тапты. Германия, Дребен елді мекенінде жерленді» делінген. Осы деректі оқыған Тәкестің тұңғышы Серік Тәкесұлы ағасының жерленген жерін анықтауды мақсат тұтып, ізденіске кірісті.
Ол алдымен ағасының қайда жерленгенін білу үшін Қазақстанның Германиядағы елшісі Нұрлан Онжановқа жүгінді. Бірақ елшіден нақты жауап ала алмады. Кейін ол ағасының қай жерде жерленгенін анықтау үшін Германияның Қазақстандағы бас консулына өтініш жасады. Бас консул: "www.obd-memoril.ru мәліметі бойынша Жұмалиев Қабдол 1945 жылдың 28 сәуірінде қаза тапты. Ол Дребенге қатарлас жерде немесе Бүркіде, болмаса Колотвостерде немесе Дрезден қаласына іргелес Саксонияның Баутценінде жерленген болу керек" деп хабарлады.
Мәселенің түйінін "Караван" газетінің Германиядағы тілшісі Сергей Золовкин шешіп берді. Ол 1945 жылдың сәуір айының соңғы күндерінде бүкіл Еуропаны дүр сілкіндірген, Баутцен қаласының іргесінде қарсыластардың арасында жантүршігерлік танк шайқасының болғандығын жазыпты. Сонда Қабдол Жұмалиевтің қаза тапқанын және оның қала іргесіндегі Кеңес жауынгерлерінің бауырластар қорымына жерленгендігін айта келіп, жаңақалалық жауынгерге ескерткіш қойылғандығын анықтап, оны суретке түсіріп беріпті.
Енді Жұмалиевтер отбасы туған жердің топырағын алып, Германияның Баутцен қаласындағы ағасының ескерткішін көріп, тағзым етіп қайтпақшы.