Жаңақорған аймағына қарасты елді мекендердің бақтары жайқалып тұр - Қызылорда

Мемлекет басшысы халықтық құрылыс деп атаған «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» күре жолына рең беретін жасыл белдеудің ертеңгі қажеттілігі басым болатындығы сөзсіз. Жолды жиектей егілген ағаш көшеттері әлден-ақ, кісі бойына жетеқабыл көтеріліп, саялы жасыл көлеңкелері молая түскен.
Бұл жасыл алқаптың өсуі мен қорғалуын қамқорлыққа алып отырған Жаңақорған ауданы орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау мемлекеттік мекемесі. Мұнда қазірдің өзінде мекеме есебінде Төменарық орманшылығына қарасты тұқым бағынан басқа Өзгент ауылдық округінің орталығына таяу жерде 8 гектар, Байкенже ауылына баратын асфальт жол бұрылысында 5 гектар, сондай-ақ Түгіскенде 3 гектар бақ қалың тоғайға айналған. Оларға арнайы бекітілген жұмысшы-бағбандар күтім жасайды.