Жаңақорғанда цемент зауыты салынады - Қызылорда облысы

ҚЫЗЫЛОРДА. 4 мамыр. ҚазАқпарат - Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында цемент зауыты салынатын болды.
None
None

Осыған байланысты кеше облыстық әкімдік, «Мелиоратор» ЖШС және «ВТХGroup» ЖШС арасында үш жақты келісім жасалды.

Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев атап өткендей, аймақта мұндай зауыттың салынуының үлкен маңызы бар. Себебі, келешекте өңірдің өнеркәсіптік әлеуеті үш есеге артпақ. Сол кезде өнеркәсіптік және әлеуметтік нысандар көптеп салынатын болады.

«Мелиоратор» ЖШС бас директоры Бердібек Мыхановтың айтуынша, зауыттың өнімі негізінен ішкі нарыққа таратылады. Облыстың цементке деген сұранысы қазіргі таңда жылына 500 мың тоннадан асып тұр. Ал өнеркәсіптің өркендеуіне байланысты бұл сұраныстың көлемі әлдеқайда арта түсетіні ешбір күмән туғызбайды. Өнімді сырт жақтарға шығарып сату да жоспарда бар.

Зауыт құрылысының сметалық құны 85 млн. АҚШ долларын құрайды. Ол бірлескен кәсіпорын құру арқылы жүзеге асады. Өнеркәсіп орнының қуаты жылына 750 мың тонна цемент шығарып тұруға есептелген. Сонымен бірге 450 адам жұмыспен қамтылады.

Зауыт құрылысы алдағы тамыз айында басталмақ. Оны 2014 жылдың қараша айында іске қосу жоспарланып отыр. Бұл кезде байқау өнімдері шығарылады. Ал 2015 жылдың 20 наурызында оның ресми ашылуы болады.

Соңғы жаңалықтар