Жаңақорғанда Қазақстандағы ең ірі күн электр стансасы салынады - Қызылорда облысы

Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметінен хабарлады.
«65 млн. кВт-сағат электр энергиясын беретін орта генерациялы электр стансасы Қазақстандағы бұл саладағы ең ірі құрылым болмақ. Жобаның құны 93,1 млн. доллар тұрады. Стансадағы барлық жұмыс процесі автоматтандырылатын болғандықтан, онда қызмет атқаратын мамандар саны көп болмайды, шамамен - 50 адам», - делінген баспасөз парақшасында.
Жобаның инвесторлары ретінде отандық «Самұрық-Қазына-Инвест» ЖШС, «Одиссей инвестмент групп» ЖШС және қытайлық EN Solar Group компаниясы аталып отыр. Олар құрылыс жұмыстарын алдағы тамыз айында бастайды.
Облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың айтуынша, электр стансасы биылғы жылғы желтоқсан айында өзінің алғашқы электр энергиясын беруге кіріседі. Ал 2014 жылдың наурыз айында жоба толық қуатында іске қосылады.