Жаңаөзен қаласында азаматтардың із-түзсіз жоғалғаны туралы ешқандай арыз-шағым түскен емес - Бас прокуратура
Бұл туралы бүгін ҚР Бас прокуратурасында өткен баспасөз мәслихатында ресми өкіл Нұрдәулет Сүйіндіков мәлім етті.
«Жаңаөзен қаласы бойынша адамдардың із-түзсіз жоғалу фактілеріне қатысты ресми түрде ешқандай да тексерулер немесе тергеулер жүргізіліп жатқан жоқ. Біздің қолда бар мәліметтеріміз бойынша ешқандай да із-түзсіз жоғалу туралы арыз-шағымдар түскен емес. Сонымен қатар айта кетерлігі, қандай да бір тұлғаларды туыстарының іздеп жүргендігі туралы ақпараттар болғаны рас. Дегенмен, Жаңаөзенде төтенше жағдай режіміндегі коменданттық сағат орнағанын естен шығармау керек. Ондай режімді бұзушылар ұсталып жататыны анық. Күнделікті 5-7 адам осы режімде ұсталып та жатыр. Бұдан бөлек, қылмыстық істерді тергеулер аясында да жекелеген тұлғалар сұрақтарға жауап беру үшін шақыртылуда. Соған орай, біз қандай да бір тұлғалардың белгілі бір уақыт аралығында туыстарымен байланысқа шыға алмауы мүмкіндігін де жоққа шығара алмаймыз», - деді Н. Сүйіндіков.
Айтылғанға сүйене келе, прокуратура өкілі «адамдардың байланысқа шықпай жатуына қатысты ақпараттардың» орын алуы заңды екендігін ескерте келе, ресми түрде із-түзсіз жоғалғандарды арнайы іздестіру мен тергеу шаралары жүргізілмегенін атап өтті.