Жаңаөзен қаласында тұрғындарды заңсыз ұстауға және оларға тыйым салынған тергеу әдістерін (қинау) қолдануға қатысты шағымдарды қарау мақсатында арнайы комиссия құрылды
Бүгін ҚР Бас прокуратурасында өткен баспасөз мәслихатында ресми өкіл Нұрдәулет Сүйіндіков осылай мәлім етті.
Мәселен, прокуратура өкілінің айтуынша, оқиғаға қатысты тергеу тобының жұмысына Маңғыстау облысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірзақ Озғанбаевтың басқаруындағы қоғамдық комиссия тартылған. Комиссия мүшелерінің қалалық мүрдеханаға, уақытша ұстау абақтысына келуі және қылмыстық іс бойынша ұсталған тұлғалармен кездесуі қамтамасыз етілді.
«Бұдан бөлек, қала тұрғындарын заңсыз ұстауға және оларға тыйым салынған тергеу әдістерін (қинау) қолдануға қатысты шағымдарды қарау мақсатында бөлек комиссия құрылды. Оның құрамына прокуратура және басқа құқық қорғау органдары қызметкерлерімен қатар еңбек ардагерлері, қаланың ақсақалдары, үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері, сондай-ақ жаппай тәртіпсіздік кезінде және одан кейін ұсталған адамдардың туыстары кірді. Комиссия мүшелеріне қамауға алынғандардың және әкімшілік тәртіппен ұсталғандардың тізімдері ұсынылды, олармен уақытша ұстау абақтысына, әкімшілік қамауға алынғандарға арналған кабылдағышқа шығу жүзеге асырылды», - дейді Н. Сүйіндіков.
Оның айтуынша, комиссия мүшелері ұсталғандармен әңгімелесіп, оларды ұстау жағдайын жеке өздері көріп, олардың денсаулықтары дұрыс жағдайда екендігіне көз жеткізген. Бұдан басқа, комиссия мүшелерінің бастамашылығымен қалалық ІІБ-ның шаруашылық ауласы, жалпы аумағы мен гараждары, сондай-ақ қалалық аурухананың жертөлесі мен мүрдеханасы қаралған. «Бұл жұмыс комиссия мүшелеріне адамдарды заңсыз ұстау, оларды қорлау және өлтіру туралы қауесеттердің негізсіздігіне көз жеткізулеріне мүмкіндік берді», - дейді Н. Сүйіндіков.