Жаңаөзенде ел бойынша жұмыссыздық көрсеткіші төмен - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі

МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫ. 29 ақпан. ҚазАқпарат - Жаңаөзен қаласында ел бойынша жұмыссыздық көрсеткіші ең төмен дәрежеде. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Біржан Нұрымбетов хабарлады.
None
None

«Жұмыссыздық деңгейінің төмендеу үрдісі байқалып отыр - 4,8 пайыз. Бұл еліміз бойынша жұмыссыздықтың ең төменгі деңгейі болып табылады», - деді Б.Нұрымбетов Жаңаөзенде ҚР бірінші вице-премьері Серік Ахметовтің қатысуымен болып өткен кеңес барысында.

Ол Жаңаөзен тұрғындарының саны 121 мың адамнан асып, соңғы 10 жылда екі есеге артқанын атап өтті.

Оның айтуынша, демографиялық өсім көбінесе халықтың табиғи өсімімен байланысты. Жыл сайын Жаңаөзенде 3,5 мыңнан астам бала дүниеге келеді. Бұл тұрғындардың жас құрылымына әсерін тигізді: 35 пайыз - балалар, ал ел бойынша бұл көрсеткіш 20 пайызға тең.

Осы жағдай көпбалалы отбасылардың мәселесі өткір тұрғанын, сондықтан да тұрғындарды табыспен қамтамасыз ету қажет екендігін білдіреді.

Бұдан басқа, қала басқа аймақтардан еңбекпен қамтылудың жоғары деңгейімен (95,4 пайыз) және жұмыс істеп жүрген тұрғындар құрылымында жалдамалы еңбектің басымдығымен (93 пайыз) ерекшеленеді, қалада өз бетімен жұмыс істейтін тұрғындар саны 7 пайыздан аз.

Естеріңізге сала кетейік, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Серік Ахметов Маңғыстау облысында жұмыс сапарымен жүр.

Соңғы жаңалықтар