Жаңаөзенде тасқынды сулар 42 үйдің ауласын басып қалды - ҚР ТЖМ

ҚР ТЖМ-ның баспасөз қызметінен мәлім еткендей, 2012 жылдың 1 наурызындағы сағат 18.00-дегі жағдай бойынша, Рахат-1, 2, 3, Арай-2 шағынаудандары мен Қызылсай және Теңге кенттерінде 42 үйдің ауласын (учаскені) тасқынды сулар басып қалды. Тұрғын үйлерге су кірген жоқ.
Шұғыл тобтың мүшелері су астында қалған үйлерді тексеру барысында үйлер бетон мен тас материалдарынан салынғандығын анықтады, сондықтан олардың қирау қаупі жоқ. Халықты эвакуациялау жағдайына Рахат-2 шағынауданындағы №18 мектепте уақытша орналастыру бекеті дайындалды. Зардап шеккендер жоқ.
11 учаскеде апатты-құтқару жұмыстары жүргізілуде, оларға Жаңаөзен қаласының 13 мекемесі мен кәсіпорындарының 74 техникасы, соның ішінде 25 сору техникасы, 32 автоцистерна, 6 инженерлік техника, 4 самосвал, 7 шұғыл техника жұмылдырылды. Сондай-ақ өзге аудандар мен облыстардың қалаларының техникалары тартылуда. 11 учаскедегі жұмыстарды қадағалауға Жаңаөзен қалалық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері және мекемелер мен кәсіпорындардың басшылары бекітілді.
Жаңаөзен қаласы әкімінің төрағалық етуімен тұрғын аумақтардағы су басу салдарын жою мәселелері бойынша кеңес өткізілді. Кеңес соңында мемлекеттік органдардың, мекемелердің және кәсіпорындардың басшыларына нақты тапсырмалар берілді.
Төтенше жағдайды жоюмен барлығы 74 техника және 133 адам айналысуда.