Жаңаөзенде зардап шеккен мүлікті тексеру мен бағалаудан өткізу үшін 142 өтініш қабылданды
деп хабарлады pm.kz сайты Маңғыстау облыстық әкімдігі баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Қазіргі таңда Маңғыстау облысы Бағалаушылар қауымдастығының бағалау тобы жекеменшік иелерінің әрқайсысымен жеке жұмыс істей отырып, зардап шеккен жылжымалы мүлік, соның ішінде автокөліктерге бағалау жүргізуде», - деп аталып өтілген облыс әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Баспасөз қызметтің мәліметінше, 16 жылжымайтын мүлік нысанына жобалаушылар тобы бекітілген, олар нысанды толық қалпына келтіруге қажетті жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуде.
«Жүргізілген жұмыстардың қорытындысы бойынша келген шығын мөлшері анықталады. Жобалық-сметалық құжаттамалар 2012 жылдың 7 қаңтарында мемлекеттік сараптамаға жіберіледі деп жоспарланған», - делінеді Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.