17:46, 10 Қаңтар 2012 | GMT +5
Жаңаөзенде жұмыстан босаған мұнайшылардан еңбекпен қамтамасыз ету туралы 1622 өтінім жасалды
АСТАНА. 10 қаңтар. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Жаңаөзендегі мәселелерді шешу жөніндегі үкіметтік комиссия төрағасы-«Самұрық Қазына» ҰӘАҚ басшысы Өмірзақ Шөкеев «Өзенмұнайгаз» компаниясының бұрынғы жұмысшыларымен кездесті.
Бүгін Үкімет отырысында Ақтаудан селекторлық кеңес арқылы байланысқа шыққан Өмірзақ Шөкеев: «Еңбекпен қамтамасыз ету туралы өтінім жасаған «Өзенмұнайгаз» компаниясының бұрынғы жұмысшыларымен кездестік. Оларға жұмыспен қамту тұрғысында тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізілді», - деп атап өтті.
«Қазіргі кезде еңбекпен қамтамасыз етуге 1622 өтінім жасалды. Бұл жұмыстан шығарылғандардың 80 пайызын құрайды. Осы бағыттағы жұмыстар жалғасуда», - деп түйіндеді Ө. Шөкеев.
Естеріңізге сала кетейік, бұдан бұрын Мемлекет басшысы «Өзенмұнайгаз» және «Қаражамбасмұнай» компаниядарының бұрынғы жұмысшыларын еңбекпен қамту туралы тапсырма берген еді.