Жаңаөзендегі қалпына келтіру жұмыстары қаңтар-ақпанда аяқталады
Бұл туралы pm.kz сайтына ҚР Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері жөніндегі агенттік төрағасының орынбасары, үкіметтік комиссия мүшесі Николай Тихонюк мәлім етті.
Маңғыстау облысы әкімдігінің мәліметтері бойынша, Жаңаөзен қаласы әкімдігі ғимаратының бір бөлігі 2012 жылдың қаңтарында, ал екінші кезеңі ақпан айында пайдалануға беріледі. Қаланың құрылыс жұмыстарына 1000-нан астам адам тартылған.
«Коммерциялық нысандарды қалпына келтіру кәсіпкерлердің іс-әрекетіне байланысты. Меншік иесі нысанның техникалық ахуалына бағалау жүргізуі қажет. Қазіргі уақытта бірқатар дәмханалар мен шағын дүкендер материалды көмекті күтпестен өз қаражаттары есебінен қалпына келтірілді», - деді ол.
Бұл орайда ол 9 коммерциялық нысанға жобалық-сметалық құжаттама қажет екендігін атап өтті. «Аталған құжаттамаларды әзірлеуге біршама уақыт кетеді», - деді Н.Тихонюк.
Облыстық әкімдіктің ақпараты бойынша Жаңаөзендегі банк нысандарын қалпына келтіру жұмыстары 2012 жылдың 5 қаңтарынан кейін басталады.