Жаңажол ауылында жаңа мешіт ашылды

АСТАНА. 23 қыркүйек. ҚазАқпарат - Ақмола облысы, Ерейментау ауданындағы Жаңажол ауылында зәулім мешіт бой көтерді.
None
None

Соңғы кездері елімізде қалталы азаматтардың арасында сауапты іске ден қоюшылар саны артып келеді. Бұған білікті азамат Әнуарбек Айтбаевтың ата-баба, әкесінің туған жеріне Алла үйін салдырып беруі айқын дәлел. Айта кету керек, Әнуарбектің марқұм әкесі Олжабай кезінде Астанадағы Сәдуақас Ғылмани атындағы мешіттің жобасына қатысып, құрастырушысы болған.

Қазіргі заман үлгісімен бой көтерген еңселі де жинақы ғимараттың ашылу рәсіміне аудан тұрғындары мен мәртебелі меймандар көптеп жиналды. Аудан әкімі Л.Дүйсенов жаңажолдықтарды осы айтулы да қуанышты сәттерімен құттықтады. Көкшетаудан келген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ақмола облысы бойынша өкіл имамы және Науан Хазрет атындағы орталық мешіттің бас имамы Қанат Баянбекұлы, Тоқан Хазірет мешітінің бас имамы Орал қажы Айтбайұлы, сондай-ақ, Алматы, Астанадан келіп жеткен бір топ мейман жүрекжарды ізгі тілектерін білдіріп, баталарын берді. Салтанатты рәсімге қатысқан ҚР халық әртісі Марат Омаров өзінің ізгі тілегіне қоса «Мекке-Мәдина» әнін арнады. Аудандық мәслихаттың депутаты А.Әлжанов ауылға имандылық үйін салып берген Әнуәрбек мырзаға сәйгүлік мінгізді. Шағын ауыл өміріндегі ерекше маңызды шараны Үмбетей жырау атындағы аудандық мәдениет үйінің әдіскері З.Хамзин жүргізіп отырды. Жаңажол мешітіне имам болып жас діни қызметкер Ибрагим Дайрабаев тағайындалды.

Аудан көлеміндегі діни мереке аруақтарға құран бағыштап, ас берумен аяқталды.

Соңғы жаңалықтар