Жәнібекте жаңа әкім жұмысқа кірісті - БҚО

7 наурыз күні облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Жәнібек аудандық мәслихатының кезектен тыс сессиясына қатысып, аудан әкімдігіне Берік Есенғалиевтің кандидатурасын ұсынды. Облыс әкімінің ұсынысын депутаттар бірауыздан қолдап, Берік Есенғалиев Жәнібек ауданының әкімі болып тағайындалды.
Сол күні Нұрлан Асқарұлы жаңа әкімді аудан активіне таныстырды.
-Құрметті жиынға қатысушылар, бұған дейін Жәнібек ауданының әкімі болған Рыспай Өтешевтің ауданда қыруар жұмыстар атқарғандығына жақында өткен есепті кездесуде куә болдық. Оның жұмысына Жәнібек ауданының жұртшылығы өте разы, - деп Рыспай Құрманұлының қызметіне алғысын білдіре отырып, Нұрлан Асқарұлы ауданның жаңа әкімі Берік Есенғалиевке де тоқталды.
-Берік Есенғалиев - Жәнібек ауданының бұрынғы әкімі Рыспай Өтешевтің орынбасары болып, тәжірибе жинақтаған азамат. Жаңа әкімнің өзіне жүктелген сенімді абыроймен атқаруына тілектеспін, - деді облыс басшысы.
Жәнібек ауданының бұрынғы әкімі Р.Өтешевтің ауданда атқарған жұмысына ризашылықтарын білдіріп және жаңа әкім Б.Есенғалиевтің қызметіне табыс тілеп, Жәнібек ауылының тұрғыны, зейнеткер Бекет Әліпқалиев пен аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің меңгерушісі Дәулеткерей Құсайынов сөз сөйледі.
Облыс әкімінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, Берік Есенғалиев 1977 жылы Қазталов ауданының Қазталов ауылында дүниеге келген, білімі жоғары, 1998 жылы Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын бітірген. Мамандығы - бухгалтер-экономист.
Еңбек жолын 1999 жылы Орал қаласындағы «Құрмет» зейнетақы жинақтау қорында маман болып бастады.
2005-2008 жылдары - «Металл-МТБ» ЖШС-нің директоры.
2008 жылдан осы кезге дейін Жәнібек ауданы әкімінің орынбасары болып қызмет жасады.