Жәнібектік балғын футболшылар Алматы қаласында өтетін ел біріншілігіне қатысады
Облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасынан хабарлағанындай, Жәнібек ауданының жас футболшылары жақында «Ақжайық» футбол клубының стадионында «Жас ұлан» кубогі үшін жарыста жеңімпаз атанды. Облыстың жеті ауданы мен Оралдан қатысқан командалар арасынан суырылып шыққан жәнібектіктер финалда қаладағы №21 орта мектеп оқушыларымен кездесті. Есеп 2:2 болып тең аяқталғанымен, пенальтиді жәнібектіктер дәлірек тепті. Бұл жолы Рамиль Мұстафинов, Рустам Көшкенбаев, Еламан Әділгереевтер сұрмергендер қатарынан көрінді.
Бұған дейін жәнібектік команда көршілес Волгоград облысы Палласов қаласында өткен ашық біріншілікте 19 команданың арасынан үздік шыққан еді. Оған қоса Оралда өткен «Кока-Кола» жарысында екінші орынды еншілеген жәнібектік жас футболшыларды үш жылдан бері Айдос Нұрбаев пен оның көмекшісі Руслан Өтәлиев жаттықтырып келеді.