Жанып кеткен жағармай таситын көліктің жүргізушісі марапатқа ұсынылады - Алматы әкімі
Бұл туралы бүгін 27 маусым күні С.Сейфуллин даңғылы бойында орын алған өртке байланысты өткен баспасөз мәслихатында шаһар басшысы Ахметжан Есімов мәлім етті.
«Қазір біз тиісті органдардың ресми сараптамасының нәтижесін күтудеміз. Біз оның ісін елеусіз қалдырмауға тырысамыз. Әрине, бұл марапатқа ұсыну болады», - деп атап өтті қала әкімі.
Қаза тапқан қызметкердің отбасының күтімін «Гелиос» компаниясы өз мойнына алды. Бүгінде оның қызметкерлері 1,5 млн.теңге қаржы жинады, сондай-ақ ақшалар отбасын қолдау үшін ашылған банк есеп-шотына да түсуде. Онымен бірге, опат болған жүргізушінің балалары кәмелеттік жасқа толғанға дейін сақтандыру төлемдерін алып отыруы үшін қажетті құжаттар рәсімделуде.
Қала әкімі сондай-ақ жол апатының салдарынан болған қайғыдан бей-жай қалмаған және зардап шеккендерге көмектескен, қолдауларын бүгін де жалғастырып отырған қала тұрғындарының белсенділігін атап өтті.