Жапония Қазақстанның экономикалық реформаларында маңызды рөл атқара алады - Синдзо Абэ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жапония Қазақстанның экономикалық реформаларында маңызды рөл атқара алады. Бүгін Астанада өткен Қазақстан-Жапония бизнес форумы барысында Жапония премьер-министрі Синдзо Абэ осылай мәлімдеді.
None
None

Сөз барысында жапон Үкіметінің басшысы Қазақстанның шетелдік инвестициялар мен технологияларды тарта отырып, экономиканы әртараптандыру саясатын оң бағалайтынын атап өтті.

«Мен дәл осы экономика реформалары бойынша Жапонияның атқаруы тиіс маңызды рөлін байқап отырмын. Жапония компаниялары шетелдерде түрлі салалар бойынша бизнесті өрістетудің теңдессіз тәжірибесін меңгерген, біздің компаниялар бүкіл әлемде жұмыс орындарын құру мен жергілікті кадрлар даярлау мәселесінде өздерінің үлестерін қосып келеді. Сондықтан да, мен басқа емес, дәл біздің жапондық компаниялар Қазақстанның экономикалық реформаларына қуатты қолдау жасай алады деген нық сенімдемін», - деді Синдзо Абэ.

Осы ретте мәртебелі мейман Қазақстанда 20-дан астам жапондық компаниялар түрлі салаларда жұмыс жасайтынын, ал Назарбаев Университетін жапондық Шигео Катсу басқаратынына назар аударды.

«Маған Президент Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандық балет труппасының үшінші примадоннасы жапон қызы екенін айтты. Маған мұндайды есту ерекше қуаныш сыйлайды, бұған мен мақтанамын. Мен үшін жапон азаматтарының Қазақстанда өз белсенділігін осылай көрсетіп жатқаны зор қуаныш», - деді Премьер-Министр.

«Мен Н. Назарбаевпен кездесуім барысында біздің Үкімет пен жеке сектор бірлесе отырып сіздердің елдеріңіздің экономикалық реформаларына ынтымақтастық жасайтынын айттым. Құрметті Президент, мен тағы бір мәрте Сізден Жапония азаматтарының Қазақстанды өзінің екінші отаны ретінде сезінуіне және Сіздердің елдеріңізде ұзақмерзімді бизнесті дамытуына мүмкіндік жасауға жәрдемдесуіңізді сұрағым келеді», - деп түйіндеді Синдзо Абэ.

Соңғы жаңалықтар