Жапония мен Қазақстан ешқашан ядролық қару нәубетімен күресін тоқтатпайды - Елші Ю.Харада
«INSPi» хор тобы 2001 жылы құрылған танымал жапон ұжымдарының бірі. Олардың репертуарында халық әндерінен бастап, жаңа заман әндеріне дейін JAZZ, поп сынды түрлі жанрдағы композициялар бар.
«Біздің елдердің арасындағы экономикалық байланыс даму үстінде. Қазақстан біз үшін Орталық Азиядағы өте маңызды әріптеске айналды. Жапония осы жылдар ішінде Қазақстанды түрлі жобалармен қолдап келеді. Соның бірі - ядролық қаруды таратпау және ядролық қауіпсіздік саласы. Жапонияның Хиросима мен Нагасаки қалалары ядролық қарудан зардап шеккендерін білесіздер, бұл тақырып Қазақстанға да жақын, сондықтан екі ел ешқашан бұл нәубетпен күресін тоқтатпайды», - деді Қазақстандағы Жапонияның Төтенше және Өкілетті Елшісі Юдзо Харада.
Ю.Хараданың айтуынша, жыл соңына дейін Жапония мен Қазақстанның дипломатиялық қарым-қатынастарына 20 жыл толуына орай, Астана қаласында түрлі мәдени шаралар өткізіліп тұрмақ. Жапониядан арнайы эстрада жұлдыздары ат терлетіп келмек. Сонымен қатар барабан шоуы, сякухати - дәстүрлі жапон сырнайы өнерпаздарының концерті өткізіледі деп жоспарлануда.
2011 жылдың бірінші жартыжылдығында екі ел арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынас 511 млн. долларды құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,6 есеге артық. Қазақстан Жапония рыногына негізінен ферроқорытпа, болат, титан, жерасты сирек металдарын экспорттаса, бұл ел бізге автокөліктер мен олардың бөлшектерін, сондай-ақ электр жабдықтары мен тұрмыстық техникаларды импорттап келеді.
Қазақстан мен Жапония арасындағы өзара ынтымақтастықтың жаңа сатыға көтеріліп, байланыстардың орныға бастауына 1994 жылдың сәуірінде және 1999 жылдың желтоқсанында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың осы елге жасаған ресми сапарлары негіз қалағанын атап өткен жөн. Екі мемлекеттің гуманитарлық саладағы ынтымақтастығы да уақыт өткен сайын жақсарып келеді. Оған Қазақстан басшысының Токиоға жасаған алғашқы сапары барысында Нұрсұлтан Назарбаевтың Жапонияның сол кездегі Премьер-Министрі М.Хосокаваға соғыс жылдарында Қазақстан аумағында әскери тұтқында болып, қайтыс болғандардың тізімі бар "Естелік кітапты" табыс еткені дәлел болмақ.