«Жәрдем» емдеу-диагностикалық пойызы БҚО-ның шалғай стансаларындағы жұмысын аяқтады

Бұл туралы Қазақстан темір жолы компаниясынан мәлім етті.
7 ақпан мен 3 мамыр күндері аралығында емдеу-диагностикалық пойызының мамандары БҚО-ның 35 стансасын қамтыды. Қазір пойыз Астанаға оралып, келесі бағдарға дайындыққа кірісті.
Үш ай ішінде пойыздардағы дәрігерлер барлығы 41 мың 425 қабылдау өткізіп, 13 мың 93 адамды қарады. Яғни әр науқастың денсаулығын үш маман дәрігер тексерді.
Еске салайық, «Жәрдем» емдеу-диагностикалық пойызы шалғайдағы елді мекендердегі тұрғындарды қолжетімді медициналық қызметпен қамту үшін «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ мен ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің бірлесіп ұйымдастырған екінші пойызы.
Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында: «Ауыл тұрғындары үшін медициналық көмектің қолжетімділігін кеңейтуге айрықша назар аудару қажет. Өткен жылы жаңа әлеуметтік жоба - «Денсаулық» мамандандырылған емдеу-диагностикалық екі пойыз жұмысын бастады. Олар еліміздің ең шалғай аумақтарында ондаған мың адамдардың денсаулығын тексеріп, ем жасады. Қазақстан үшін көліктік медицина өте көкейкесті, сондықтан біз оны дамытатын боламыз. Биылғы жылы тағы бір пойыз жіберілетін болады»,-деп ерекше атап өткен болатын.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ 2011 жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай үшінші емдеу-сауықтыру пойызын жасақтайды.