«Жас Отан» Австрия мен Чехиядағы «Болашақ» стипендиаттарымен онлайн-конференция өткізді

АСТАНА. 24 қазан. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада «Нұр Отан» ХДП-ның «Жас Отан» жастар қанаты Австрия мен Чехия елдерінде «Болашақ» бағдарламасы аясында оқитын студенттермен онлайн-конференция өткізді.
None
None

Конференцияның басты мақсаты «Жас Отан» жастар қанатының 2020 жылға дейінгі стратегиясын талқылау болып табылады.

Еске сала кетейік, Қазақстан халық Ассамблеясының XIX сессиясында Елбасы, ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев «Жас Отан» жастар қанатының 2020 жылға дейінгі стратегиясын әзірлеуді тапсырған болатын. Қазіргі уақытта стратегия жобасы әзірленіп, өзгерістер мен ұсыныстар енгізу мақсатында көпшілік талқылауына шығарылып отыр.

«Барлық аймақтарды қамти отырып, бұл расында да маңызды құжат болуы үшін, ол нақты жұмыс жасауы үшін, жастарға пайда беретін бағдарламаға айналуы үшін жастардың пікірлері жиналып жатыр, соның ішінде ең білімді, ең тапқыр жастарымыз «Болашақ» стипендиаттарының ұсыныстары біз үшін маңызды», - дейді «Жас Отан» жастар қанаты атқарушы хатшысының міндетін атқарушы Нұрлан Сыдықов.

Оның айтуынша, Чехия мен Австриядағы студенттердің таңдалуы ҚР Президенті Н.Назарбаевтың осы мемлекеттерге жасаған іс-сапарына еш байланысты емес.

«Алдағы аптада Еуропа елдерінен Англия мен Францияда осындай конференция өткізетін боламыз, ол кездесуден кейін АҚШ-тағы студенттерімізбен аталмыш стратегияның жобасын талқылайтын боламыз. Бұның алдында ғана Қытайдағы қазақстандық жастар ойларын ортаға салды», - деді ол.  

«Жалпы стратегияның мақсаты - мемлекет маған не береді деп емес, керісінше, мен мемлекет үшін мен не істей аламын деген тақырыпта болып отыр. Оның негізгі атауын осыған ұштастырып, «Жастар - Отанға» деп қойып отырмыз. Жастарды ел қамында жұмылып, еңбек етуге шақыратын бірден-бір құжат», - деп атап өтті Н.Сыдықов.     

Соңғы жаңалықтар
Референдум