«Жас Отан» - болашақ саясаткерлер үшін мектеп - Н.Ә.Назарбаевтың «Жас Отан» жастар қ­ана­ты­ның II съезінде сөйлеген сөзі.

   АСТАНА. 17 қараша. ҚазАқпарат - «Жас Отан» -  болашақ саясаткерлер үшін мектеп. Бұл туралы Астанада Елбасы, «Нұр Отан» ХДП Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев «Жас Отан» жастар қ­ана­ты­ның II съезінде сөйлеген сөзінде мәлімдеді.
None
None

ҚазАқпарат Елбасының съезде сөйлеген сөзінің толық мәтінін ұсынады.

 

Армысыңдар, отандастар!

Бар­шаларыңды «Жас Отанның» ІІ съе­зінің ашылуымен құттық­тай­мын! Жаңа ғана мінбеге шыққан жастар жалынды сөз бен жасампаз істің иесі екендіктерін та­ныт­ты. Сіздер күллі Қазақстан жас­та­рының атынан көшелі ой мен өрелі пікір айттыңыздар. Сіздер­дің тың бастамаларыңызды мен әрқашан қолдаймын.

Қазақстан - қай мағынада алғанда да жас мемлекет. Ел аза­мат­тарының 5 миллионға жуығы 14 пен 29-дың аралығындағы жастар. Тәуелсіздіктің алғашқы күн­де­рінен бастап жастар мәселесі менің де, мемлекеттің де ең басты назарында болды. Бұл салада «Болашақ», «Жасыл ел», «Жастар - Отанға», «Дипломмен - ауылға», «Жастар тәжірибесі», «Жас мамандар қоры» сияқты көптеген мемлекеттік бағдарламалар жүзе­ге асырылып отыр.

Жастар саясаты саласындағы жобаларды қаржыландыру соңғы 7 жылда 10 есеге артты. Тек биыл­­дың өзінде жас маман­дар­дың баспаналы болуына және олар­ды қолдау көмегіне 12 миллиард теңге жұмсалды. 2020 жыл­ға дейін жас отбасыларға арнап 1,2 миллион шаршы метр тұрғын үй салуды тапсырдым. Бұл құрғақ цифрлар ғана емес, әрбір көр­сет­кіштің артында орасан еңбек пен сіздерге деген шексіз қамқорлық жатыр. Мен осынау еңбектің жемісі мен қамқорлықтың жылуын жастардың жақсы білетініне кәміл сенемін.

Құрметті съезд делегаттары, ме­нің жас достарым!

Мен осы съезге келген барлық жасотан­дықтарды құттықтаймын. Осыдан 4 жыл бұрын «Жас Отан» жас партияшылардың дербес бірлестігіне айналды. Сол кезде мен «Нұр Отанның» жас мүшелеріне өз­дері­нің болашақтағы стратегиясын өздерінің айқындауына мүмкіндік беру туралы шешім қабылдадым. Бұл дұрыс шешім болды.

Біріншіден, бізде өзіміздің саяси авангардымыз пайда болды.

Екіншіден, «Жас Отан» жастар­дың неғұрлым белсенді және жауапкершілікті бөлігін біріктірді.

Үшін­шіден, «Жас Отанның» төңі­ре­гіне студенттердің, жас фермерлер мен жұмысшылардың, ғалым­дар мен шығармашылық қызмет­кер­лердің кең ауқымды коали­ция­сы қалыптасты. «Жас Отан» «Жас Қыран» және «Жас Ұлан» сияқты жаңа балалар ұйымдарының тә­лім­геріне айналды.

Төртіншіден, сіздердің біздің партияның Мә­жі­лістің соңғы сайлауында, соның ішінде кезекті президенттік сай­лау­лардағы жеңісіне қосқан үлес­терің зор. Мен біздің ортақ жеңі­сімізді шыңдаған барлық жас партияшыларды құттықтаймын.

«Жас Отан» жастар қанаты өте қажет. Бұл ұйымда сіздер өмір сүруге, сөйлесе білуге, бір-бі­рің­мен араласуға үйренесіздер. Іс жү­зінде өздеріңізді түрлі жағдай­лардағы өмірге дайындайсыздар. Сондықтан жастар ұйымда­рын­дағы белсенді жұмыс сіздердің өмірлеріңізде пайдаға асады.

Бесіншіден, бүгін съезде «Жас Отанның» 2020 жылға дейінгі стра­­тегиясын қабылдайсыздар. Бұл жо­баны өздеріңіз өз тәжі­ри­бе­лері­ңіз­дің негізінде әзірле­діңіз­дер. Стра­те­гияның барлық мін­дет­тері жас­тарды индустриялық-инно­ва­ция­лық даму, біздің елі­міз­дің қау­іп­сіздігі мен тұрақты­лы­ғын нығай­ту міндеттеріне тартуға бағыт­талған.

Менің жас көмекшілерім мен қанаттастарым!

Осыдан 21 жыл бұрын біз Қазақстанның тәу­елсіздігін жарияладық. Ал, 15 жыл бұрын еліміздің даму кө­гін­дегі темірқазығы болған «Қазақ­стан-2030» стратегиялық бағдар­ла­масын қабылдадық. Қазақ елі­нің жаңа дәуірдегі болашағын айқындап берген тағдырлы құжат бізді биік мұраттарға бастады.

«Қазақстан-2030» стратегия­сын дайындасқан менің серік­те­рімнің көпшілігі 30-ға да толма­ған жас азаматтар еді. Содан бері еліміз айтулы стратегиядан ай­ны­май, қарыштап дамып келеді. Бір сәт жүріп өткен жолымызға көз жүгіртіп көрейікші. Біз кеше кім едік? Тәуелсіздік алған тұста бұ­рынғы Кеңес Одағының соңында қалған республика болатынбыз. Экономикамыз әлсіз, қолда бар өндірістер, зауыттар әбден ескірген. Мұғалімдер мен дәрігерлерге жалақы, зейнеткерлерге зейнет­ақы тауып берудің өзі қияметтің қиыны болатын.

Қазақстанның өзі түгілі аты әлем елдерінің көпшілігіне бей­таныс еді. Бірақ, біз ешуақытта мойыған жоқпыз. Жеріміз бай, хал­қымыз сауатты, жастарымыз отан­сүйгіш болды. Арманым орын­далды.

Қазіргі күндерге жету үшін біздің буын, сендердің әкелерің, аталарың көп тер төкті. Елдің сыртын жаудан, ішін даудан аман алып қалу үшін деп күндіз-түні тынбай жұмыс істедік.

Қараңдаршы, сол тынымсыз еңбектің арқасында біз қазір кім болдық? Жан басына шаққандағы ішкі жалпы өніміміз 16 есеге өсіп, 12 мың долларға жетті. Бұл біздің Түркиямен, Малайзиямен, Шығыс Еуро­па­ның мемлекеттерімен тереземіз тең болды деген сөз.

Индустрияландыру картасы­ның аясында жалпы құны 9,6 трил­лион теңге болатын 600-ден астам жоба жүзеге асырылуда. Бұл біздің жастарымыз үшін 370 мың жаңа жұмыс орнын береді.

Қазақстанды бәсекеге барын­ша қабілетті 50 елдің қатарына қосу туралы тапсырма бердім.

Дүниежүзілік экономикалық форум мәліметтеріне жүгінсек, соң­ғы бір жылда Қазақстан 21 сатыға көтеріліп, 51-ші орынға шық­ты.

Қазақстан - халқы татулыққа ұйыған, жастары жасампаздыққа ұмтылған елге айналды. Бір буын ауыспай-ақ, мүлдем басқа си­пат­тағы жаңа ұлт, жаңа ел болдық. Күллі әлем таныған, құрметтеп төріне оздырған беделді мемлекетпіз. Мұның бәрі бір күнде, бір сәтте бола салған жоқ. Жиырма жылда екі ғасырға татитын еңбек сіңіргендіктен ғана қос ғасырға бергісіз табысқа жеттік. Бұл та­быс­қа күллі қазақстандықтардың, оның ішінде, біздің жаста­ры­мыз­дың қосқан үлесі орасан зор.

4 жыл бұрын «Жас Отанның» алғашқы съезінде мен «Жастар - Отанға» атты шараның тұсауын кескен едім. Осы шараның аясында жаста­ры­мыз талай игілікті іс тындырды, талай тың бастама көтерді. Ақ­төбелік жастардың бастамасымен «Ауылдың өркендеуі - Қазақ­стан­ның өркендеуі» атты марафон-эстафета өтті. «Жасыл ел» жастар отрядтары құрылды. Ол 700 мың­нан астам жас қазақстандықты біріктірді. Сіздердің қолдарыңыз­бен тұтас еліміз бойынша 640 мың көшет отырғызылды. 700-ден астам өзен-көл мен бастау-бұлақ қоқыстан тазартылды. 450 мың тонна қоқыс жиналды. Туған жерге жанашырлық осындай бо­луы керек. Мен ақтөбелік жас­тар­ға және «Жасыл елдің» отрядта­рына қатысушылардың барлығы­на жалынды сәлем жолдаймын.

Мен бастамашылық еткен «Дипломмен - ауылға» шарасына да «Жас Отан» кеңінен қолдау білдірді. Соңғы 3 жылда жоғары оқу орындарының 20 мыңнан астам түлегі ауылға оралды. Олар алтын бесік - ауылды көркейту жолында қажырлы еңбек етіп жатыр. Алдағы бірнеше жылда тағы 16 мыңнан астам жас ауыл­дарға бармақ. Ауыл мектептері мен ауруханаларында, кітапханалар мен мәдениет үйлерінде, қа­ла­берді, шаруашылықтар пен егіс алаңдарында еңбек етіп жатқан жас мамандарға жалынды сәлем.

Мен Солтүстік Қазақстанның, Ақмола және басқа да облыс­тар­дың жас фермерлерін, барлық жас аграршыларын құттықтаймын.

Мен «Жастар - жастарға» және «Өрле, ауылым!» жобалары шеңберінде Қарағанды және Жам­был облыстарындағы жас­отан­дықтардың қала жастарының ауыл жастарына қамқорлық жасау жөніндегі жұмыстарын білемін. Бұл біздің барлық жастарымыз үшін үлгі.

Қарағандылық және жам­былдық жастарға менен жа­лынды сәлем.

«Жас Отан» табиғи апаттардан зардап шеккендерге жәрдем беруге ұмтылатын қазақстандық­тар­дың ең алдында жүреді. «Жас Отанның» студенттік құрылыс от­рядтары күллі ел жастары үшін шынайы отансүйгіштік пен жан­қияр еңбектің үлгісіне айналды.

Тек Батыс Қазақстан облысының өзінде осындай 20 отряд жұмыс істеді.

Ал, Оңтүстік Қазақстанда игілікті іске 8 мыңнан астам жас құрылысшы тартылды.

Мен Батыс және Оңтүстік Қа­зақстан облыстарының жаста­ры­на, сонымен қатар, табиғат апат­та­рынан зардап шеккендерге жа­н­а­шырлық танытқан барша студенттерге жалынды сәлем жол­дай­мын.

Мен Шығыс Қазақстан облы­сын­да «Жас Отан» белсен­діле­рі­нің қауіпті учаскелерді қардан тазарту және су тасқынының алдын алу жөнінде отрядтар құрғанын білемін.

Павлодар облысында «Жас Отан» филиалы мүгедек балаларға арналған «Самал» оңалту орталығы төңі­регін­дегі аумақты көріктендіруге қар­жы жинау жөнінен қайырым­ды­лық марафонын өткізді.

Шығыс Қазақстан және Павлодар об­лыс­тарының жастарына менен ыстық сәлем.

Мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту нысан­да­рында студенттік практика ұйым­дастыру жөніндегі қоста­най­лық жасотандықтардың баста­ма­сын толықтай қуаттаймын. Облыс әкімі осынау тамаша бастамаға қолдау көрсетуі керек.

Атырау облысының жас ға­лым­дары 2 жылда 20 иннова­ция­лық жоба дайындады. Олар «Инновация арқылы дамуға» атты аймақтық байқауда мақұлданды. Енді олардың іс жүзінде қажетке жарауын қамтамасыз ету ба­рын­ша маңызды. Облыс басшылығы бұл мәселені айрықша бақылауға алуы керек.

Қостанай мен Атырау облысының жастарына және эко­номиканы инновациялық дамыту ісіне белсене қатысқан жаңашыл жастарға жалынды сәлем.

«Жас Отан» сыбайлас жем­қор­лықпен күреске нақты істермен қолдау көрсетті. Бүгінде жас­отан­дықтар сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық кеңестердің және «Нұр Отан» партиясының қо­ғам­дық қабылдау бөлмелерінің ең белсенді мүшелері. Мен бүкіл ел бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресуші жастарды шын жүректен құттықтаймын.

Бұл өте маңызды жұмыс және мен оны көптен жүргізіп келемін. Төменнен қолдаусыз, сіздердің көмектеріңізсіз біз осынау мемлекет пен қоғам үшін қауіпті құ­былысты еңсере алмаймыз.

Мен Алматы облысы «Жас Отан» филиалының өнер мен мә­дениеттегі жас дарындарды анық­тау мен қолдау жөніндегі жұ­мы­сын қуаттаймын. Алматы жас­отан­дықтары жаңа кадрларды жә­не президенттік резерв үшін де кадрлар дайындайтын «Жас көш­басшылар мектебі» жобасын жү­зе­ге асыруда. Біздің даңқты ал­ма­тылық жастарымызға менен жа­лынды сәлем.

«Туған тіл - тұғырың» дейді хал­қымыз. Мемлекеттік тілді да­мыту және насихаттау жөніндегі «Таза тіл» атты шара айрықша назар аударуға және күллі ел болып қолдауға лайық бастама. Мен бұл шараның бастамашылары - Қы­зылорда облысының жастарына жалынды сәлем жолдаймын.

Мен бүгін біздің әлемдік жа­рыстардағы чемпиондарымыз бен жүлдегерлеріміздің табыстарын тағы да атап өтпекпін. Жетінші Азиада және Лон­дондағы Олимпиада қазақстандық спорттың асқақ салтанатына ай­нал­ды. Мен біздің олимпиа­да­шы­ларымызды, сондай-ақ барлық қазақстандық спортшыларды құт­тықтаймын.

«Жас Отан» саламатты өмір салтын насихаттап, жаппай дене шынықтыру ісін дамытуда үнемі алдыңғы қатардан табылып келеді. Мысалы, Маңғыстау об­лы­сы­ның жасотандықтары «Темекіні таста, жаңа өмірді баста» деген ұран тастады. Маңғыстаулық жас­тарға сәлемімді айтып, осы ұсы­нысты баршаларыңыз қолдаса екен деп тілеймін.

Биыл Қарулы Күштер мен құ­қық қорғау органдарының құрыл­ғанына 20 жыл толады. Оларда негізінен жастар қызмет етуде. Олар елдегі тәртіпті қадағалайды, біздің Тәу­елсіздігімізді күзетеді. Олардың көбі бейбіт уақытта қаһармандық үлгісін көрсете отырып қылмыс пен экстремизмге қарсы тұруда өз өмірлерін қиды. Сондықтан да мен біздің армиямыз бен құқық қорғау органдарындағы жас сол­даттарды, сержанттар мен офицерлерді айрықша құттықтаймын.

Бүгін астаналық «Жас Отан­ның» филиалының жұмысын ай­рықша атап өткім келеді. Астана - Қазақстанның жастығы және болашағы. Астаналық жастар бар­лық халықаралық іс-шараларда волонтер болып жұмыс істеу ар­қылы Астананың жаһандық даң­қын белсенді түрде паш етуде. Ел­ордалық жасотаншылар «Найза» әскери-патриоттық ойынының бастамашылары болды. Менен жа­лынды сәлем, сіздерге, Астана жастары.

Жасотандықтар бүкіл ел бо­йын­ша Қазақстан халқы Ассам­блея­сының жұмысына белсенді атсалысады. Этносаралық және конфессияаралық келісім әркезде де жалпыхалықтық жетістік бо­лып қала бермек.

Құрметті делегаттар!

Өздеріңіз білесіздер, биыл мен Үкі­метке жастар саясатын күшей­ту жөнінде нақты тапсырмалар бердім. Жастармен жүйелі жұмыс жүргізу үшін Білім және ғылым министрлігінде Жастар істері жө­нін­дегі комитет, ал барлық облыс­тарда - жастар істері жөніндегі басқармалар құ­рыл­ды. Мен әр өңір­де Жастар істері жөніндегі кеңестерді облыс әкім­дері тікелей басқаратын болсын деп нұсқау бердім.

Еуразия ұлттық университеті базасында «Жастар» ғылыми-зерт­теу орталығы құрылды.

Мен «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы шеңбе­рін­де жыл сайын жас отбасыларына 3 мың пәтер бөлу жөнінде тап­сыр­ма бердім. Тек биылғы жылы ғана мемлекет 95 мың жас қа­зақ­стандықтың еңбекке орналасуына ықпал етті. Сіздердің бүгініңіз бен болашағыңызға қамқорлық әр кезде де менің саясатымның бас­ты мәні болған.

Халық бірлігін нығайту - бұл сіздер, жастар үшін. Жаңа университеттер, кәсіптік колледждер - сіздер үшін. Жаңа зауыттар мен жұмыс орындары - олар да сіздер үшін. Саламатты өмір салты мен спорт - сіздер үшін. Қазақстан елі­нің халықаралық беделі - ол да сіздер үшін.

Осының бәрі күн сайынғы ауыр еңбекпен құрылды және құ­рылуда. Бұл Жалпыға Ортақ Ең­бек Қо­ғамының негізі. Сондықтан бү­гінде жастар саясатының жаңа міндеттерін белгілеудің маңызы зор.

Бірінші. Менің бастамам бо­йын­ша 2020 жылға дейінге ар­нал­ған мемлекеттік жастар саясаты­ның тұжырымдамасы әзірленуде. Онда «Жас Отанның» 2020 жылға дейінгі Стратегиясының негізгі қа­ғидаларын ескеру қажет.

Бүгінде жастар саясаты жө­нін­дегі заң жобасы әзірленуде. Оны алдағы жылдың бірінші жарты­жыл­дығында қабылдау керек.

Үкіметке «Нұр Отан» ХДП-мен бірлесіп жобаны сапалы то­лық­тыруды және Парламентке жедел енгізуді қамтамасыз ету­ді тапсырамын.

Екінші. Жастар саясатының жо­ғарыдан төмен жүзеге асуын әрбір қала мен ауылға дейін жеткізу керек. Ірі өндірістік ұжым­дар­дағы жастар істері жөніндегі комитеттердің рөлін күшейту қажет. Дәл осындай жұмыстар барлық ұлттық компанияларда да жүргізілуі тиіс.

Үшінші. Ол - жастар кәсіп­кер­лігін және жұмыспен қамтуды қол­дау. Үкімет жаңа бастаған кә­сіпкерлерге несиелік және консалтингтік көмек туралы мақсатты сегментті бейнелеу үшін «Биз­нес­тің жол картасы-2020» бағдар­ла­масына өзгеріс­тер енгізуі керек. Егер жас адам өз бизнесінің бо­ла­шағын шынайы көретін болса, онда оған елеулі кө­мек қажет.

«Жұмыспен қамту-2020» бағ­дар­ла­масы да толықтырулар енгізуді қажет етеді. Мен «Жас­тар­дың еңбек биржасы» бірегей веб-порталын құруды ұсынамын.

Мен жастарды еңбекпен қамту мәселесі толғандыратынын білемін. 2012 жылы 161 мың жас қазақстандық орта мектептің 11 сы­ныбын бітірді. Олардың 43 мы­ңы кәсіптік колледждерге түссе, 93 мыңы жоғары оқу орындарына қабылданды.

28 мың адам техникалық және кәсіби білімсіз еңбек нарқына кіргенді жөн көріп, не колледжге, не университетке түскен жоқ. Бұл категорияға мамандық алу барған сайын қиындай түсетін болады. Мамандықсыз жақсы жұмыс пен еңбекақыға иек арту мүмкін емес.

Орта мектеп бітірген әрбір қазақстандық мамандық алуға мүмкіндігі болуы үшін Үкімет ал­дына міндет қоямын. Баршаға бірдей жо­ғары білім алу шарт емес. Экономикаға орта буын­­­дағы техникалық қызметкерлер - слесарьлар, электриктер, механиктер және басқалар да қажет.

Мектепті аяқтаған соң бірден мемлекет мониторинг жүргізуі тиіс. Басқаша айтқанда, жо­ғары оқу орнына түспегендер колледждерде білім алуға барлық мүм­кіндіктерді иеленулері керек.

Енді жастарды жұмыспен қам­ту туралы. Елімізде жастар арасын­да­ғы жұмыссыздық экономикалық белсенді тұрғындардың 3,8 пайы­зын ғана құрағанымен, яғни бұл көрсеткіш жоғары болмаса да, үстіміздегі жылы ЖОО бітірген 161 мың жас маманның 38 мыңы әзірше жұмысқа орналаса алған жоқ. Ал колледж бітірген 131 мың адамның 19 мыңы жұмысқа орналаспаған.

Үкіметке осы мәселені қарап, арнайы нақты бағдарлама қабыл­дауды тапсырамын. Жастар Қа­зақ­станда қандай мамандыққа сұ­раныс бар екендігін түсінулері тиіс. Үкіметтің бағдарламасында кез кел­ген ірі кәсіпорында, мемлекеттік индустрияландыру бағдарла­ма­сына қатысушыда, бизнестің жол картасында жастарды оқыту және жұмысқа орналастыру бо­йынша квота болуы шарт.

Келесі бір маңызды бағыт - жұмысшы кадрларын дайын­даудың дуалды жүйесін да­мы­ту. Осы жүйе бойынша кәсіби мектеп оқу­шысы бір мезгілде өндірісте тағы­лым­дамадан өтуші болып табы­лады.

Менің тапсырмам бойынша, бұл модель қазірдің өзінде «Қа­зақмыс» кәсіпорындарында, Дөң тау-кен байыту комбинатында, Пав­лодар электролиз зауытында енгізіліп үлгерілген. «Самұрық-Қа­зына» қоры да өз компа­ния­ла­рын­да осы бағыттағы жұмыс­та­рын бастады. Бұл - Павлодар мұ­най-химия зауыты, «KEGOK», «Қаз­атомөнеркәсіп», «Қазақте­ле­ком».

Ақсу ферроқорытпа зауыты, Сайрам машина жасау зауыты сияқты кәсіпорындар өздеріндегі оқу орталықтарын дуалды негізде оқытатын колледждерге айнал­дыр­ды. Бүгінде дуалды жүйе әлемнің 60 елінде табысты жұмыс істеп тұр. Мен қазақстандық ком­па­ния­ларды шұғыл түрде осымен айна­лысуға шақырып, ал Үкі­мет­ке бұл үдерісті бақылауды тап­сы­рамын.

Келесі бір маңызды мәселе - жастарды уақытша баспанамен қамтамасыз ету. Жастардың мобильді бөлігі алғашқы кездерде тұра алатын студенттік және жастар жатақханаларын көбірек салу қажет. Осы бағыттардың барлығы Үкіметтің Жұмыспен қамту бағ­дар­ламасында қамтылуы керек.

Төртінші, Қазақстанда «Жас Отанды» қоса алғанда 11 ірі жастар ұйымдары жұмыс істейді. Олармен Үкі­мет, сондай-ақ әрбір министр­лік пен ведомство жұмыс істеуі тиіс. Сіздердің өкілдеріңіз Үкі­мет­тік емес ұйымдармен жұмыс істейтін кеңестер құрамына кіруі керек. Мен Үкіметке Жастар бас­та­маларының қорын құру мәсе­ле­сі­мен айналысуды тапсырамын. Бар­лық министрліктер мен әкім­дік­тердің стратегиялық жоспар­ла­рына жастармен жұмыс жөніндегі индикаторларды енгізу қажет.

Бүгін мен «Жас Отан» съезі делегаттарын менің көптен бергі тағы бір арманымды жүзеге асы­руға қолдау көрсетуге шақырғым келеді. Мен Астанада Жастар сарайын салуды ұсынамын! Егер сіздер қолдасаңыздар, жаңа сарай Астананың ең үздік архитек­ту­ра­лық шедеврлерінің бірі болуы тиіс.

Бесінші. «Жас Отан» жастар қанаты - елді жаңғырту үде­рі­сін­дегі қазақстандық жастардың бас­ты саяси үйлестірушісі. Жастар қанатын қалалар мен аудандар деңгейінде күшейтуді қамтамасыз ету қажет. «Жас Отан» -  болашақ саясаткерлер үшін мектеп. Сон­дық­тан жасотандық депутаттар санын өкілетті органдарда, жергілікті мәслихаттарда, Парламентте көбейту мәселесін шешу маңыз­ды. «Нұр Отан» ХДП бас­шы­лы­ғына осындай жұмысты жүр­гізуді тапсырамын.

Қазақстан табыстары бүкіл әлем­де, әсіресе, ХХI ғасырда бар­лық елдер басынан кешіріп отыр­ған өткір проблемалар тұсында мойындалып отыр. Жаһандық эконо­ми­ка­лық дағдарыс, планетаның тұ­тас­тай өңірлері үшін жаппай аштық қатері, жанжалдар мен соғыстар - осының барлығы бүгінгі күннің шындығы. Сіздердің бүкіл әлем­дегі көптеген құрбы-құрдаста­ры­ңыз үшін «тұтыну қоғамы» атты жалған тұжырымдама нағыз қақ­панға айналды.

Адал еңбек тез баю мен ұстамсыз тұтынуға ұмтылумен ауыс­қан. Материалдық өндіріс қысқарған жағ­дай­дағы қызмет көрсету саласы­ның өсімі бүкіл әлем бойынша жастардың білім беру мен ең­бек­пен қамтылуындағы дағдарысты тереңдете түсті. Бүгінде «үлкен жиырмалық» елдерінде 20 мил­лион­ға жуық жұмыссыз жастар бар.

Италияда, Испанияда, Оңтүс­тік Африка Республикасында - әрбір екінші жас жұмыссыз, ал АҚШ-та, Ұлыбританияда, Францияда, Канадада, Бразилияда, Түр­кияда - шамамен әрбір бесінші жаста жұмыс жоқ.

Жаһандық экономиканың даму болжамы көңіл көнші­тер­лік­тей емес. Сарапшылардың көпші­лігі жаһандық дағдарыстың жаңа толқынынан қашып құтылу мүм­кін емес дегенді айтады. Қазақ­стан - осы күрделі әлемнің бір бөлшегі. Әрине, біз превентивті шаралар қабылдап, дағдарысқа қар­сы бағдарламалар түздік. Сон­дықтан болашаққа «жеңіл саяхат жасау» деген бізде де болмайды. Мен сіздердің, жас қазақ­стан­дықтар, осыны білгендеріңізді қа­лаймын! Осы себепті көп нәрсе сіз­дердің еңбексүйгіштіктеріңізге, тө­зімділіктеріңізге, белсен­ділік­те­ріңізге, табандылықтарыңызға жә­не жауапкершіліктеріңізге тәу­ел­ді болады! Мен бұлар сіздердің ең жақсы қасиеттеріңізге айна­лады деп сенемін!

Мен сіздерге сенемін, жас қазақ­стан­дықтар! Мен сіз­дер­дің біздің еліміз - Қазақстанға деген сүйіс­пен­ші­ліктеріңізге сенемін! Мен әр­қа­шан бірлікті, тұ­рақ­тылықты қор­ғай­тындық­тары­ңыз­ға, демек, біз­дің Отанымыздың болашақта өсіп-өркендейтініне се­немін! Бұл дүниеде бізде бір ғана Отан, бір ғана Жер, бір ғана Аспан бар. Біз­дің Отанымыз ор­тақ, демек, Жү­регіміз де біртұтас, Ұмты­лыс­та­ры­мыз да бірдей. Мен сіздерге жұдырықтай жұмылу, белсенділік, жаңа бастамалар мен жеңістер тілеймін.

Алға, «Жас Отан»! Алға, Қазақстан.

Барша халқымыздың ең басты құндылығы - Тәуелсіздік.

Біз - көшпенділердің ұрпағы­мыз, ат үстінде жүрген елміз.

Ержүрек халықтың жалғасы­мыз.

Естеріңізде болсын, тарихта қазақты ешкім ешуақытта жаулап алған жоқ. Жаулап алғысы келгендер ел ішіне іріткі салды.

Бүгінгі тәуелсіз елімізде қа­зақтың ішкі бірлігі сақталуға тиіс.

Біз бір ұлтпыз, қанымыз бір, жанымыз бір. Сыртта жүрсек те, іште жүрсек те, барлық мәселені бірлесіп шешуге тиіспіз.

Ешуақытта басқа ұлттың, бас­қа діннің адамдарын ренжітуге бол­майды. Жаманшылықты өзіңе қалай тілемесең, басқаларға да сондай тілекші бол. Қазақ­стан­дықтардың барлығы бір-біріне тілеулес болғаны жөн.

Басқа ұлт болса да, оларда Қа­зақстанның төлқұжаты бар, осы елде туып-өсті. Бөтеніміз емес. Қоғамның барлық жүгін бірге кө­терісіп келеді. Зауыт, фабри­ка­лар­ды бірге салып жатырмыз. Бірлігіміз болса, біз бір-бірімізді сый­лаймыз. Бұған дейін осылай бол­ған, бұдан кейін де солай болуға тиіс.

Енді тура бір айдан соң ел тәу­елсіздігінің 21 жылдығын атап өт­келі отырмыз. Асылын ардақтай білетін халқымыз тәуелсіздіктің қадірін бір сәт те түсірген жоқ. Тұғырын нығайтып, түтінін түзу ұшыруға барын салып келеді.

«Егемен Қазақстан» газеті, 2012 жылғы 17 қараша

 

Соңғы жаңалықтар