Жасампаздықтың жарқын жолы-ҚР Президенті Н. Назарбаевтың Францияның L’Essentiel des Relation Internationales журналына берген сұхбаты

ТАНА. 21 қыркүйек. ҚазАқпарат -Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Францияға жұмыс бабындағы сапары жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары тарапынан үлкен қызығушылық тудырды. .
None
None

Француз журналистері, әсіресе, Қазақстанның Ислам Ынтымақтастығы Ұйы­мы­ төраға­лы­ғына ерекше ынталылық танытты. Осы және басқа да мәселелер Қа­зақ­стан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың L'Essentiel des Relation Internationales журналына сұхбатында көрініс тауып отыр. "Егемен Қазақстан" газетінің бүгінгі санында аударылып басылған сол сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

- Президент мырза, 3 сәуірде Сіз тағы да табыспен Мемлекет басшы­сы болып сайландыңыз. Сіздің кезектен тыс президенттік сайлау өткізу ту­ра­лы шешіміңіз не нәрсеге негізделді?

- Бұл оңай емес шешім объективті қа­жеттіліктен туындады.

Өткен жылдың соңында қазақ­стан­дық­тардың көптеген тобы менің президенттік өкілеттігімді 2020 жылға дейін ұзарту туралы референдум өткізуді ұсын­ды. Азаматтарымыздың 5 миллионнан астамы референдум өткізу керек деген пікір білдірді. Барлық демо­кра­тиялық күш­тер осы бастаманы қолдап, «Қазақ­стан-2020» коалициясын құрды.

Ел Парламенті тиісті заң қабыл­да­ды. Алайда Конституциялық кеңес оны Конституцияға сәйкес келмейді деп та­ны­ды, бірақ та референдум өткізу мүм­кін­дігінің өзін теріске шығарған жоқ.

Мен Мемлекет басшысы ретінде Не­­гізгі Заңның гаранты болып табы­ла­мын және де оның сақталуын қамта­ма­сыз етуге тиіспін.

Референдум өткізу қазақстандық сая­сат­керлердің келесі буынына теріс бағ­дар беруі ықтимал прецедент ту­ғызуы мүмкін еді. Мен мұндай қадамға бара алмадым, өйткені менің мақсатым - де­мократиялық Қазақстан құру.

Сонымен бір мезгілде, бүкілхалық­тық сайланған Президент ретінде менің референдум идеясын қолдаған көптеген сай­лау­шылардың пікірін ескермеуге құқым жоқ еді. Осындай жағдайда Консти­туция­ға да, халықтың еркіне де қиғаш келмейтін жалғыз дұрыс таңдау кезектен тыс сайлау болды.

Сайлаудың ел Тәуелсіздігінің 20 жыл­дығы жылында өткізілуінің де ай­рықша мәні бар. Электоралдық нау­қан­ның қоры­тын­дылары өткен жолымызға берілген объективті баға болды. Осы маңызды тарихи сәтте біздің халқымыз бейбітшілік және жасампаздық саяса­тын жалғастыру үшін дауыс берді.

- Президент мырза, Сіз Қазақ­стан­ды үйлесімді қоғам мен көптеген мә­де­ниеттің тұрақтылық орталығы етіп қалай құра алдыңыз?

- Біздің Тәуелсіздігіміздің тарихы - бұл барлық этностар достығының жыл­намасы.

Қоғамдағы бейбітшілікті, келісім мен тұрақтылықты сақтауды мен Қа­зақстан­ның ең басты жетістіктерінің бірі са­най­мын. Біз мемлекеттік саясаттың негіз қа­лау­шы басымдықтарына айнал­ған то­ле­ранттылық, келісім мен діни төзім­ді­лік қа­ғидаттарын іс жүзінде жүзеге асыра алдық.

Күрделі жағдайда бізге барлық эт­ностық топтар арасындағы өзара қа­рым-қатынастың оңтайлы моделін жа­сау­дың сәті түсті. Ол ел тағдыры үшін аза­­мат­тық жауапкершілікке, өзара тү­сіністік пен патриотизмге негізделген. Барлық этнос­тар­дың тең құқықтылығы біздің заңнама­ларымызда бекітілген.

Біз бірегей қоғамдық-саяси институт - Қазақстан халқының Ассамблея­сын құрдық. Ол конституциялық мәр­те­беге ие және ел Парламентіне депутаттар сайлай алады. Өткен жылдар бедерінде Ассамблея ұлтаралық тұтас­тық­тың ар­қау­лық институтына айналды.

Бүгінде біздің ортақ үйіміз - Қазақ­стан Республикасында 140 эт­нос пен 46 конфессияның өкіл­дері бейбіт қатар өмір сүріп жатыр. Олар мемлекеттік қыз­метте, бизнесте, ғылымда жұ­мыс істеп, өздері­нің талант­та­ры­мен Қазақ­стан­ның атын спорт­­та, өнерде бүкіл әлемге танытып жүр.

Бізде ешқашан этностық немесе діни негізде жанжалдар орын алып көр­ген жоқ. Эт­носаралық және конфес­сия­ара­­лық келісім біздің саясат­та­ғы, эко­но­микадағы және әлеу­меттік саладағы табыста­ры­мыз­ды қамтама­сыз етіп, кең ауқымды реформаларды серпінді жүр­гі­зуге мүмкіндік берген іргетас болды.

Тәуелсіздіктің 20 жылында біз бірегей, тату қазақстандық отбасын құрдық.

- Қазақстан - Орталық Азиядағы ең табысты мемлекет. Ненің арқа­сында Сіз­дің еліңіз экономикалық және саяси тұрғыдан өңір­де­гі жетекші державаға айнала алды?

- Өткен жылдар ішінде Қазақстан үлкен нәтижелерге жетті. Бүгінде әлем­­де дамудың бірегей және жемісті моделі ретінде «қа­зақстандық жол» ту­ралы көп айтылып жүр. Біздің еліміз - жаңа тәуелсіз мемлекеттер арасындағы ең жемістілерінің бірі. Халық­ара­лық са­рап­шылар мен әлем­нің жетекші мем­ле­кет­терінің көш­басшы­лары біздің реформалар тәжірибесін табысты деп таниды.

Біз «Қазақстан-2030» Стратегиясы­на сәйкес алға басып келеміз. 1997 жылы қабылданған дәл осы құжатта мемлекет­тің ұзақ мерзімді мақсаттары айқын­далып, оларға жетудің нақты жолдары көрсетілген.

Сонымен қатар, дамудың тұтас бір ұзақ мерзімді бағдарламалары жұмыс істеуде. Біз үдемелі индустриялық-ин­но­вациялық даму бағдарламасын, бизнес қалыптас­ты­ру, денсаулық сақтау, ту­ризм, мәдениет және басқа да көп­те­ген даму бағдар­ла­ма­ларын жүзеге асырудамыз.

Бүгінде біздің басты мақсатымыз эко­но­миканы жаңғырту болып табы­лады. Өткен жылы біз жалпы құны 800 миллиард теңгені құрайтын 150-ден астам жаңа индустриялық нысандарды пайда­ла­нуға бердік. Таяудағы екі жыл­да тағы жалпы құны 8,1 триллион теңге болатын шамамен 300-ден астам ны­санды жүзеге асырмақшымыз.

Белгіленген барлық жоспарларды жү­зеге асыру Қазақстанның өңірдегі көш­басшылық орнын бекемдеп қана қоймай, әлемдегі бәсекеге аса қабілетті 50 елдің қатарына енуге мүмкіндік беретініне сенімдімін.

Дамудың қазіргі қолда бар деңгейі бізге демократиялық реформаларды бел­сен­дірек жүргізуге жағдай туғызып отыр. Осы бағыттағы біздің табыстары­мыз­дың танылуы ретінде өткен жылғы ЕҚЫҰ-ға төрағалығымызды атап ай­туға болады. Қазақстан өзін ашық және сенімді мемлекет ретінде көрсете білді. Бұл мәртебені біз одан әрі де сақтау ниетіндеміз.

- Сіз көпвекторлы дипломатия­лық бағыт ұстанып келесіз. Сізді атал­ған мо­дельді қабылдауға не нәрсе итермеледі? Ол «қазақ жаны­ның» этномә­де­ни ерекшелігіне қан­ша­лықты сәйке­седі?

- Достықсүйгіштік, ашықтық және қонақжайлылық - қазақтар мента­ли­теті­­нің басты ерекшеліктері. Біз тең құ­қық­тық және өзара пайдалы әріп­тес­тікке ұмтылатындардың барлығымен де сенімді қарым-қатынас құруға дай­ын­быз.

Қазақстан Еуразияның дәл жү­регін­де орналасқандықтан, стратегиялық ар­тық­шы­лықтарға ие. Біз өзіміздің сырт­қы саяси бағытымызды жүзеге асыруда бұл жәйтті де есептен шығармаймыз.

Біздің еліміз жетекші көптеген мемлекеттермен тығыз ынтымақтастықта. Ресей, Қытай, АҚШ және Еуроодақ үшін Қазақстан, әсіресе, Орталық Азиямен өзара іс-қимыл мәселелерінде стра­тегия­лық әріптестер болып та­былады.

Біздің сыртқы саясатымыз бүкіл Еуразия кеңістігінде бейбітшілік пен тұ­рақтылықты қамтамасыз етуге бағыт­тал­ған. Міне, нақ сондықтан біз Орталық Азияда ядросыз аймақ құру идеясын белсенді ілгері жылжытып, ядролық қарудан толықтай бас тарттық.

Қазақстанда Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері тұ­рақты түрде өткізіліп келеді. Біздің елор­да­мыз Астана жаһандық конфес­сия­ара­лық үнқатысу өткізетін ең тап­тырмас орынға айналды.

Салмақты және бейбітсүйгіш сырт­қы саяси бағыт Қазақстанға әлемдік аренада жауапкершілікті және сенімді әріптес ретінде орнығуға мүмкіндік берді. ЕҚЫҰ мен ИЫҰ-ға төрағалық - біздің көп­жы­лғы жа­сам­паздық жұмы­сымыздың заңды нәтижесі.

Бүгінде Қазақстан Еуропа мен Азия арасындағы достық пен ынты­мақ­тас­тықтың «көпірі» болып отыр. Біз осы екі көне мәдениеттердің тоғысында орна­лас­қанбыз. Сондықтан еліміздің миссия­сы да айрықша - елдер мен халықтардың жақындасуына ықпал ету.

- Сіздің еліңіз ЕҚЫҰ-ға төраға­лық­­тан кейін ИЫҰ-ға жетекшілік ететін болды. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төр­ағалығы мен Астана сам­ми­ті­нің не­гізгі қорытындылары қандай? Қа­зақ­стан­ ИЫҰ-ға бас­шы­лық ету кезе­ңін­де қандай міндеттер атқармақ?

- Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалығы кезеңінде үлкен жұмыстар жүргізді және жақсы нәтижелерге қол жеткізді.

Біз Ұйымның қызметіне соны серпін қостық. Оның назарын өркениеттер үн­қа­тысуын нығайтуға, Орталық Азия­ның экономикалық және экологиялық проб­лемаларына аудардық.

Қазақстан елордасында 11 жылдық үзілістен соң ұйымдастырылған ЕҚЫҰ-ға мүше елдер мемлекет басшылары­ның саммиті аса зор оқиға болды.

Кездесу қорытындылары бойынша Астана декларациясы қабылданды. Ол ЕҚЫҰ дамуының жаңа қырын - Еуро­атлан­ти­калық және Еуразиялық қоғам­дас­тыққа біртұтас және бөлінбейтін қауіп­сіздік тұрғысынан келу бағытын айқындап берді.

Астанада біз ынтымақтастықтың бұ­рын­ғы «Мұхиттан - Мұхитқа дейінгі» деп аталатын деңгейіне қарағанда кеңі­рек, жаңа координаттарына өттік. Бізге осы кең байтақ кеңістікте қарама-қай­шылықтарды жоспарлы түрде шешіп, сенім мен интеграцияны нығайту қажет.

Қазір Батыста мультикультурализм саясатының құлағаны туралы мәлім­делуде. Бірақ, Генри Форд айтқандай, адамдар жеңіліс тапқаннан гөрі жиі тізе бүгеді. Мен осы бағыттағы жұмыстар тоқтатылмауы тиіс деп санаймын.

Қазақстан өзінің ИЫҰ-ға төраға­лы­ғы барысында Шығыс пен Батысты жақын­дастыру саясатын жалғас­ты­ра­ды. Сон­дай-ақ біз әлемде исламо­фо­бия­ның таралуына қарсы тұрып, жаһандық және өңірлік қауіпсіздіктің нығаюына ықпал ететін боламыз. Жұмысымыздың маңыз­ды аспектісі антиядролық қызмет болады.

Қазір осы мәселелердің барлығы кө­кей­кесті. Олар адамзаттың ХХІ ғасыр­дағы дамуына тікелей әсер ететін бола­ды. Қазақстан өзінің ИЫҰ-ға төраға­лы­ғы миссиясын жүзеге асыруға үлкен жауапкершілікпен келіп отыр.

"Егемен Қазақстан" газеті, 21 қыркүйек, 2011 жыл.

Соңғы жаңалықтар