09:02, 30 Сәуір 2013 | GMT +5
Жастар бірлестіктерінің белсенділері қоғамдағы келісімді нығайтуға қосқан үлестері үшін Павлодар әкімінің сыйақыларымен марапатталды
ПАВЛОДАР. 30 сәуір. ҚазАқпарат - Кеше Павлодар әкімдігінде Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында Қазақстан халқының тілдерін және дәстүрлерін дамытып, сақтауға сүбелі үлес қосқан жастармен кездесу өтті.

Бұл туралы шаһар әкімдігінің баспасөз қызметінен хабарлады.
«Сіздер қоғамдағы бейбітшілік пен келісімді нығайтуға өз үлестеріңізді қосып келесіздер, - деп атап өтті қала әкімінің орынбасары Дархан Дәуітов. -Ұлы ойшылымыз Абай айтқандай, түрлі қоғамдастықтың тұрғындары бірге өмір сүріп, еңбек етіп бір-бірінен ең жақсы қасиеттерді алып, адамгершілік пен мейірімділікке қол жеткізеді. Біз тәуелсіз Қазақстанымызда дәл осындай қоғамда өмір сүріп жатқанымызды мақтанышпен айта аламыз».
Татулықты және ұлтаралық келісімді нығайту бағытында белсендік танытып жүрген жастар ұлттық-мәдени бірлестіктерінің өкілдеріне қала әкімінің алғыс хаттары мен ақшалай сыйақылары табысталды.