Жастар Еуропа мен Азия ынтымақтастығын нығайту жолында өз үлестерін қоса алады - ТМД, ШЫҰ жастарының кездесуі

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл шарада Әзірбайжан, Армения, Беларус, Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей, Молдова, Моңғолия, Үндістан, Пәкістан мемлекеттерінің үкіметтік органдары мен саяси партияларының қызметкерлері, ТМД мен ШЫҰ-ның қатысушы елдерінің өкілдері бас қосты.
Аталмыш халықаралық кездесуге қатысушылар жастар саясаты, кадрлық резерв әлеуеті, Еуразиялық деңгейде жастардың ықпалдастығын дамыту тақырыбында пікір алмасатын болады.
«Жастар саясатын жүргізу, кадрлық резерв және адам капиталын дамыту барлық елдер үшін өзекті мәселе. Қазақстанда осы бағытта үлкен істер атқарылуда. Елде жастар ұйымдарының мықты шоғыры қалыптасып үлгерді. «Нұр Отан» партиясының «Жас отан» жастар қанаты - жетекші, озық жастар ұйымының бірі. Қазақстанның жастар конгресі мен Студенттер альянсы сияқты беделді ұйымдарды да атауға болады. Онда алдыңғы қатарлы, көшбасшы жастардың қатары көп. Бұл ұйымдардың таңдаған өз жолдары, бағыттары бар», дейді «Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Дархан Кәлетаев.
«Азия мен Еуропа жастары арасында көпір бола білген Қазақстанға үлкен рахмет айтуымыз керек. Жаһандану мен ақпараттық технологиялардың дамыған заманында адамдар бір-біріне жақындай түсті. Бүгінде әлемде аймақтық қақтығыстар орын алуда. Біздің алдымызда бейбітшілік, келісім және үйлесімділікті орнату мәселесі тұр. Осы тұрғыда біз халықаралық қарым-қатынастың жаңа түрін қалыптастыру қажеттігін түсінеміз. Әлем халықтары тек экономикалық қарым-қатынастың арқасында үйлесім мен бейбіт өмірге қол жеткізе алмасы анық. Бұл қарым-қатынас түрі өз негізін ерікті түрде теңдік пен түсіністік жағдайында қалауы тиіс. Түсіністік пен келісім, сонымен қатар рухани бірлікті, рухани алмасуды қажет етеді. Шанхай ынтымақтастық ұйымы бұл жөнінде үлгі көрсетіп жүр. Аталмыш беделді ұйымдар жастардың белсенділігін арттыруға үлкен мүмкіндіктер ашсын деп үндейміз», дейді Бүкілқытайлық жастар федерациясының бас хатшысы Дун Ся.
«Жастардың бірлігі жарасқан үлкен ұйымға бірігуі өте маңызды. Осы арқылы олар Еуропа мен Азия ынтымақтастығын нығайту жолында өздерінің үлестерін қоса алады. Бүгінгі кездесу Азия мен Еуропаның дамуы тарихында жаңа кезеңнің бас боларына сенемін. Жастар бірлігі, белсенділігі әлемдегі үрдістерге оң әсерін тигізеді», деп атап көрсетті ол.