«Жастар кадрлық резерві-2009» жобасының түлегі мектепке дейінгі білім беру жүйесін жаңғыртудың жаңа тұжырымдамасын ұсынды

АСТАНА.  3 тамыз. ҚазАқпарат - Бүгін «Нұр Отан» ХДП Орталық аппаратында Қазақстандағы мектепке дейінгі білім беру жүйесін жаңғыртудың жаңа тұжырымдама жобасы талқыланды.
None
None

Аталған тұжырымдаманың авторы «Жастар кадрлық резерві-2009» жобасының түлегі Ерлан Мұсаевтың айтуынша,  жобаны әзірлеу барысында негізінен еліміздегі көпжылғы тәжірибелерді саралау барысында анықталған олқылықтар жан-жақты ескерілген. Атап айтқанда балабақшалар санының жеткіліксіздігі, оларда ұсынылатын қызмет сапасының көңілден шықпауы, мектепке дейінгі білім беру мекемелеріндегі қызметкерлер деңгейінің төмендігі секілді өзекті мәселелерге назар аударылған. Сол арқылы тұжырымдама бойынша  мектепке дейінгі мекемелерді қаржыландыру тетігіне өзгерістер енгізу қажеттігі алға тартылады.

«Жаңғырту негізінен балалар бақшасын қаржыландырудың  үлгісін өзгертуге бағытталған. Яғни, бүгінгі күні мектепке дейінгі қаржыландыру көбінесе өтінімдерді қарау жолымен жүзеге асса, біз ұсынған тәсілде нақты балаға қатысты қаржыландыру мәселесі құпталады. Ал ондай жағдайда әрбір баланың ата-анасы тек өздеріне ұнаған мектепке дейінгі мекемені таңдау құқығына да ие бола алады», - дейді Е.Мұсаев.

Оның айтуынша, әлгіндей қаржыландыру үлгісінде балалар бақшасының әрқайсысы арасында бәсекелестік артып, мекемелердің өздері қызмет сапасын жақсартуға мүдделілікпен ұмтылатын болады. Сол үшін мектепке дейінгі мекемелер бала тарту мақсатында өздері ұсынатын сапаны жақсартуға күш салады.

«Бұдан бөлек, бала бақшаны қаржыландыруға қатысты бәсекелестік мәселесіне бизнес секторы да араласа алатын болады. Осының өзі мектепке дейінгі мекемелер құрылысының санын бизнес-ресурс арқылы арттыруға, сондай-ақ балабақшалар арасындағы бәсекелестікті арттыруға көп септік болады», - дейді жоба авторы.

Сарапшылар деңгейінде кеңінен сараланған соң тұжырымдама жобасы Білім және ғылым министрлігінің қарауына жолданатын болады.

Соңғы жаңалықтар