03:37, 26 Сәуір 2014 | GMT +5
Жастар майдангер қарттан бата алды
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Ұлы Жеңіс күні қарсаңында жалағаштық жастар қан майданның куәгері Уәли ата Дүйсенбиевті мерекесімен құттықтап, оған құрмет көрсетті.
«Жастарды қолдау орталығы» МКМ аудандық бөлімінің аға кеңесшісі Жарқынбек Әубәкір хабарлағандай, жастар Таң ауылында тұратын 90 жастағы Ұлы Отан соғысы ардагерінің шаңырағына барып, хал-жағдайын біліп абыз қарттың майдан даласындағы басынан кешкен оқиғаларын тыңдады.
«Ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, немере мен шөберенің қызығын көріп отырған майдангер әлі де ширақ, әңгімесі қызық. Сұм соғыста көргендерін айтып, біздің келгенімізге бір марқайып қалды», - дейді бөлім қызметкері.
Уәли атаны құттықтауға №118 орта мектептегі «Жас ұлан» ұйымының мүшелері де барып, аталарының батасын алды.