Жастар саясаты тұжырымдамасында еңбек құндылығы дәріптелсе игі - Н. Өтешов

Бүгін Астанада қазақстандық жастар ұйымдарының басшылары мен Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы Әлия Ғалымованың кездесуі барысында «Жас Отан» Жастар қанатының атқарушы хатшысы Нұрлан Өтешов осылай мәлім етті. Еске сала кетсек, кездесу барысында Мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдама жобасы талқыланған болатын.
«Елбасы таяуда жарық көрген «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыруы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласында ең бірінші орынға еңбек мәселесін шығарып отыр. Бұл да жайдан-жай емес. Өйткені, бүгінгі күні қоғамның тұла бойында да, оның ішінде жастар арасында да көбінесе өз еңбегінен гөрі басқаның қолдауына үміт арту белең алған тәрізді. Сондықтан да, біз жастар саясатының тұжырымдамасында өскелең ұрпақты еңбексүйгіштікке, еңбектің құндылықтарына тәрбиелеу мәселесіне барынша көңіл бөлінгені дұрыс деп санаймыз. Өйткені, әсіресе жастар арасында еңбек құндылығы реттелмей, насихаттаудан қалып барады», - дейді Н. Өтешов.
Бұдан бөлек, «Жас Отан» өкілі қоғам арасында талапты жастардың мойындалуына барынша жағдайлар жасалу тиістігін де алға тартады.