13:49, 03 Сәуір 2010 | GMT +5
Жастар ұйымдарының көшбасшылары бас қосты
АЛМАТЫ. Сәуірдің 3-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Бүгін Алматыда Қазақстан жастар одағының ұйымдастыруымен «Мемлекеттік жастар саясаты: бағыты мен болашағы» тақырыбында «дөңгелек үстел» өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазақстан жастар одағының төрағасы Әсет Тұрдығұловтың айтуынша, жастар мәселесі мен жастар саясаты барлық уақытта өзекті. «Қазіргі уақытта да жастар мәселесі мәнін жоғалтқан жоқ. Жастар саясаты әр уақытта заман талабына сай жетілдіріп отыруды, өзгерістерді талап етеді. Бүгінгі отырыс барысында мемлекеттік өкілетті органдар мен жастар ұйымдарының көшбасшыларының басын қосып, ең өзекті мәселелерді айқындап, талқылауды мақсат тұттық», дейді ол.
Отырысқа 35-тен астам ұйымдардың жетекшілері, жастар саясатына жауапты мемлекеттік органдардың өкілдері қатысып, жастардың әлеуметтік мәселелері, білім алу, кедендік одақ, тіл мәселесі сынды өзекті тақырыптарды талқылады.