«Жастарды бизнеске, инновацияға студент кездерінен тарту қажет» - Халықаралық көшбасшылық институттың директоры
Оның айтуынша, қазіргі таңда әлемде «стартап» ұғымы кең көлемде танымал бола бастады. «Неге десеңіз, қазір бүкіл әлемде көшбасшылық бағдарламаларға арналған конференциялар көптеп өтіп жатыр. Онда студент жастар өздерінің жаңа жобаларын, әзірлемелерін, өнертабыстарын жариялайды. Олар елдің әлеуметтік-саласына студент кездерінен бастап араласуда. Әрине, бізде де көптеген жоғары оқу орындарында студенттердің күшімен әр түрлі бизнес жобалар жасалып-ақ жатыр. Бірақ аз. Көп студент «бизнес жобаларымды оқу бітірген соң жүзеге асырамын» деп ойлайды. Бұл дұрыс емес. Мұндай істерге қазір кірісу керек. Стартап деген сол. Оған мүмкіндіктер көп. Бүгінгі конференцияның мақсаты - жоғары оқу орындарының белсенді студенттерінің басын қосу, әр түрлі салада жаңа, үлкен жобаларды әзірлеп, жүзеге асыруға жұмылдыру, олардың көшбасшылық қасиеттерін дамыту. Бұл конференция жастардың үлкен пікірталас алаңына айналады деген үміттемін», - деді Әли Әбішов. Конференцияға отандық жоғары оқу орындарының студенттері ғана емес, бірқатар шет елдік жоғары оқу орындарының оқытушылары да қатысуда. Олар конференциядан кейін жаңа бастамаларды, озық идеяларды жүзеге асыру бойынша шеберлік сыныптарын өткізеді.