Жастардың республикалық форумы алғаш рет өткізіледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған Жастардың республикалық форумы алғаш рет өткізіледі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте еліміздің Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

«Осы жылы Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған Жастардың республикалық форумы алғаш рет өткізіледі. Қазіргі күнде өңірлік форумдар өтуде және делегациялар қалыптасуда. Аталған форумда ұлттық баяндама талқыланып, орталық және жергілікті мемлекеттік  органдардың есептері тыңдалады.  Сонымен қатар дарынды жастарды қолдау мақсатында биылғы жылы Тұңғыш Президент күні қарсаңында «Дарын» мемлекеттік сыйлығы беріледі»,-  деді министр.

Оның айтуынша, бүгінде «Қазақстан-2020: Болашаққа жол» атты мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасының алғашқы кезеңі аяқталды. Оның мақсаты жастар саясатын институционалдық және ұлттық жағынан нығайту болды.

«Нәтижесінде бүгінгі күнде жастар саясаты жөніндегі басқармалар, 198 жастар ресурстық орталықтары жұмыс істеуде. Жастар ғылыми-зерттеу орталығы құрылып, жұмыс жасауда. Жергілікті атқарушы органдар жанындағы кеңес жұмыс істеуде. Бұл кеңестердің рөлі күшейді. Оларды әкімдердің өздері басқаратын болды. Алайда аталған кеңестерде жастар және олардың мүдделерін білдіретін қоғамдық ұйымдардың үлесі төмендеу. Шамамен  19 пайыз. Алдағы уақытта көрсеткішті өсіруге бағытталған жұмыс жүргізіледі», - деді ол.

Осы ретте ол аталған міндеттерді шешу аясында атқарылатын жұмыстарға да тоқталды.

«Біріншіден, жастар ұйымдарын жастардың барлық санаттарын қамтитын қызмет көрсетуге бағыттау. Екіншіден, ұйымдаспаған жастармен, яғни, жұмыссыз және оқымайтын жастармен, әсіресе, күрделі, тәуекелді жастар санатымен жұмыстар жүргізу үшін жаңа әдіс-тәсілдерді жасақтау. Бұған жастардың ресурстық орталықтарының әлеуетін кеңінен пайдалану. Үшіншіден, бүгінгі жас ұрпақ өзіне қажетті ақпараттармен қызметкерді ғаламтор арқылы алуда. Осыны ескеріп, жастарға интернет пен мобильді қосымшылар арқылы тартымды заманауи жобалар мен бағдарламаларды ұсынуымыз қажет», - деді Ермекбаев.  

Соңғы жаңалықтар