Жастарға арналған қаржы қалай жұмсалып жатыр?

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінде жастарға қамқорлық жасауға құштар қоғамдық ұйымдар көп. Алайда олардың бұл дұрыс ниеті қолдарына қаржы түскен соң басқа бағытқа бұрылып кетеді.
None
None

Көбіне мұндай ұйымдар мемлекеттен алған қаржыны жастар мәселесіне қатысы жоқ шараларға жұмсап жатады. Сондықтан жастарды қолдауға бағытталған мемлекеттік тапсырыстар шын мәнінде жастарға қамқор болатын нысандарға берілуі қажет. Бұл үшін олардың мақсаты, ұстанатын бағыты нақты белгіленіп, өкілеттіктері айқындалуы тиіс. «Қазақстан Республикасының жастар саясаты туралы» заң жобасы талқыланған кезде депутат Нұртай Сәбильянов осындай мәлімдеме жасаған еді.

Иә, жастардың орта мектепті бітіргеннен бастап, мамандық иеленуге ұмтылуы, одан кейін жұмыспен қамтылуы, баспанамен қамтамасыз етілуі күрмеуі көп мәселеге айналғаны белгілі. Қуанарлығы сол, аталмыш құжатта жастар саясатында көрініс беріп отырған осы олқылықтарды жоюға сындарлы қадам жасалыпты. Мәселен, заң жобасы бойынша жастарға 14 пен 29 жас аралығындағы кезең белгіленіпті. Сонымен қатар арнайы «жас маман» ұғымы енгізіліп, бұл топқа жататындар үшін де 29 жас шекті уақыт ретінде айқындалып отыр. Заң жобасы қабылданса, осы мәртебені иеленген жастарға мемлекеттен әлеуметтік тұрғыда арнайы жеңілдіктер беріліп, қолдау жасалмақ.

Айта кету керек, жаңа құжат Мәжілістің қарауына үстіміздегі жылдың ақпан айында келіп түскен болатын. Заң жобасына берілген Үкіметтің түсіндірме жазбасына қарағанда, ол жастардың құқы мен әлеуметтік кепілдіктерін жүзеге асыруға бағытталған заңнамалық базаны нығайтуға мүмкіндік береді. Құжат жобасында бастысы, жас отбасыларды қолжетімді баспанамен қамтымасыз ету, сапалы білім алып, мамандығына сай еңбек етуіне жағдай жасау секілді маңызды әлеуметтік мәселелерді шешудің тиімді тетіктерді қарастырып отыр.

Соңғы жаңалықтар