20:33, 29 Мамыр 2009 | GMT +5
«Жасыл ел» бағдарламасын орындауға Жамбыл облысының бюджетінен 947 млн. теңге бөлінді
ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ. Мамырдың 29-ы. ҚазАқпарат /Галина Скрипник/ – 2008–2010 жылдарға қабылданған «Жасыл ел» облыстық бағдарламасының орындалу барысы облыс әкімдігінде өткен отырыста талқыланды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат аймақ әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалану басқармасы бастығының орынбасары Сауат Қойбақовтың ақпараты бойынша, екпе ағаштарды сақтау мен қорғауға, елді мекендерді көгалдандыру мен абаттандыруға жергілікті бюджеттен 947 млн. теңге бөлінген. Жұмыстарға орман шаруашылығының 580 қызметкері, 650 аудан тұрғындары, 760 студенттер мен ауыл жастары тартылмақшы.Жамбыл облысының әкімі Бөрібай Жексембин «Жасыл ел» бағдарламасы Мемлекет басшысының бастамасы екендігін және оның орындалуы Үкіметтің жіті қадағалауында тұрғанын ескертті. «Осы бағдарламаның барлық қырларын жүзеге асыру Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында айрықша маңызды болмақ. Аудан әкімдері елді мекендерді көгалдандыру мен абаттандыруға қамқорлық жасауы, бұған жастарды тартуы тиіс. Осылайша, еңбекке орналастыру мәселелерін шешуге, «Жол картасын» іске асыруға ықпал етуге болады», ? деді Б.Жексембин.