«Жауынгерлік достастық - 2011» тактикалық жаттығуларының шешуші кезеңі өтті

Жауынгерлік іс-қимылдарды Министрдің бірінші орынбасары - Қазақстан Республикасы Штабтар бастықтары комитетінің төрағасы генерал-полковник Сәкен Жасұзақов бақылады. Оқу-жаттығуларға ҚР ҚК Әуе қорғанысы күштері Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің қолбасшысы полковник Нұржан Мұқанов жетекшілік жасады.
Жаттығулар барысында құрамалар мен бөлімдердің, ӘШҚҚ әскерлері бөлімшелерінің өзара іс-қимылдарын ұйымдастыру мәселелері пысықталды. Сондай-ақ, өздеріне жүктелген тапсырмаларды сауатты орындау үшін жеке құрамның моралдық-психологиялық дайындығы мен жоғары жауынгерлік әзірлігі де сынақтан өтті. Жауынгерлік есептоптар зенитті-зымыранды кешеннен әуе нысаналарын атса, ӘӘК-нің ұшақтары ӘШҚҚ позицияларына әуе бомбаларын тастады.
Жауынгерлік қимылдарға Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінен С-125 және С-75 кешендері тартылды. Сонымен қатар, алыс қашықтыққа атуға қабілетті С-300 және С-200 кешендері де полигоннан табылды. Осындай қаһарлы қарулардың қатысуымен өткен оқу-жаттығуларда барлық әуе нысаналары сәтті атып түсірілді.
- Біздің әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлеріміз өз шеберліктерін сауатты көрсету арқылы «бес» деген бағаға ие болды, - деп атап өтті генерал-полковник Сәкен Жасұзақов. - Мамандардың бағалауынша, қазақстандықтар ТМД-да үздіктер қатарында аталады.
Осы жаттығуға тартылған күштер мен құрылымдар жауынгерлік тұрғыдан алғанда жүктелген міндеттерді орындауға қабілеттілігін толық дәлелдей алды. ӘШҚҚ әскерлерінің қару-жарағы мен әскери техникалары еліміздің әуе кеңістігінің сенімді қорғаны екендігін тағы бір паш етті.