Жауынгерлік парадқа қатысушы әскерлердің шоғырлануы аяқталды - ҚР ҚМ
Келген бөлімшелердің жеке құрамы далалық лагерьдегі шатырларға орналасып Жауынгерлік парадты өткізу жоспары бойынша дайындыққа кірісіп кетті. Бұл туралы ҚР ҚМ баспасөз қызметінен хабарланды.
Бүгін полигонда командалық-штабтық дайындық барысында парадты өткізу кезіндегі барлық іс-қимылдар егжей-тегжейлі пысықталды. Әскерлердің жауынгерлік парадқа дайындығына тәжірибелік тұрғыда Қазақстан Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы генерал-лейтенант Мұрат Майкеев жетекшілік етуде.
«Әскерилер үшін тұңғыш рет өткізілгелі тұрған Жауынгерлік парад кең көлемді жаттығуға қатысумен бірдей болғалы тұр. Бөлімшелер тәжірибелік дайындықтар барысында өзара іс-қимыл сұрақтарын түбегейлі пысықтайтын болса, офицерлер парадтың кезеңдерін жоспарлауда және бөлімшелерді басқаруда әскери өнерді жоғары деңгейде пайдалана білуге ұмтылмақ»,- дейді Мұрат Майкеев.
Қазіргі кезде «Отар» 40-ыншы әскери базасында қару-жарақ пен әскери техниканы және полигон нысандарын дайындау қызу жүргізілуде. 7 мамыр - Отан қорғаушылар күні Жауынгерлік парад тікелей эфир арқылы таратылады. Онда көрсетілетін жауынгерлеріміздің іс-қимылын бүкіл еліміз тамашалайтын болады.
Мұндай Жауынгерлік парад Қазақстан Қарулы Күштері тарихында тұңғыш рет өткізілмек. Онда Құрлық әскерлерінің барлық қару-жарақ түрлерінен жауынгерлік атыстар жүзеге асырылады. Әуе қорғанысы күштері аспан кеңістігінде өз шеберліктерін танытады. Жауынгерлік парадқа барлығы 7 мың әскери қызметші, 400-ден астам бронды машина, автотехникалар, 80-нен астам ұшақтар мен тікұшақтар қатысады.