18:42, 24 Қараша 2018 | GMT +5
Жайна Шекербекова бокстан әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық Жайна Шекербекова Үндістанның Нью-Дели қаласында әйелдер арасында бокстан өтіп жатқан әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ҚР Ұлттық олимпиадалық комитетінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, қазақстандық спортшы әлем біріншілігінің финалында өкінішке қарай, Солтүстік Корея өкілі Пан Чхоль Миден ұтылып қалды. Есеп - 0:5.
Төрешілер жеңісті бірауыздан Жайнаның қарсыласына берді.
Жайна Шекербекова Қазақстан қоржынына екінші медальды салды. Бұған дейін 60 келідегі Карина Ибрагимова қола жүлдегер атанған болатын.
Еске сала кетейік, Жайна Шекербекова 2010 жылғы Азия чемпионы, 2013-2014 жылдары қатарынан ҚР чемпионаттарының жеңімпазы атанған, 2016 жылғы Әлем біріншілігінде қола жүлдеге қол жеткізген, бірнеше мәрте халықаралық дәрежедегі турнирлерде алтыннан алқа таққан өте тәжірибелі спортшы. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері.