18:45, 03 Маусым 2009 | GMT +5
Жеке кәсіпкерлік мәселелеріне арналған заң жобасы мақұлданды
АСТАНА. Маусымның 3-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Мәжіліс депутаттары бүгін жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жеке кәсіпкерлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда қарады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Отырыста аталмыш құжат бойынша баяндаманы Индустрия және сауда вице-министрі Алмас Қосынов жасады. Оның сөзіне қарағанда, Елбасы 2006 жылы халыққа жолдаған Жолдауында бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі мәселесіне халықаралық стандарттарды енгізу мәселесін көтерген болатын. «Осыған орай Үкіметке «Жеке кәсіпкерлік туралы» заңына тиісті өзгерістер енгізу тапсырылды. Осыған орай Индустрия және сауда министрлігі бірқатар мемлекеттік органдармен және қоғамдық бірлестіктермен бірлесе отырып, осындай заң жобасын дайындап, оны өткен жылдың қазан айында Мәжілістің қарауына енгізді. Заң жобасында жеке кәсіпкерлік саласының қоғамның әлеуметтік, экономикалық мәселелерінің дамуына еркін түрде қосатын үлесі ретінде бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі ұғымы енгізілген. Сонымен қатар онда сарапшылар кеңесі мен елімізде тіркелген бірлестіктердің қызметіне қатысты да біршама жаңалықтар бар. «Заң жобасын талқылау барысында Мәжіліс депутаттары тарапынан бірқатар өзгерістер енгізілді», деді вице-министр.Отырыста құжатты жан-жақты талқылаған депутаттар оны мақұлдайтын болып келісті.