Желтоқсан ‑ қазақ үшін ерекше қастерлі ай

АСТАНА. Желтоқсанның 20-сы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ ‑ Жыл он екі айдың ішіндегі желтоқсан айы қазақтың жүрегіне аса жақын әрі киелі болып көрінеді. Өйткені ата тарихқа көз жүгіртсек, соңғы жүз жылда мемлекет өміріндегі ерекше орны бар оқиғалар осы желтоқсан айында өрбіді. Дәл осы айда қазақтың ел болып қалуы үшін аса қажетті қадамдар жасалып, шешімдер қабылданыпты. Алып империяның боданынан құтылып, ұлттық мемлекет құруға талпыныс та, ұлттық намысты ту етіп тәуелсіздікті маздатқан ұлттық көтеріліс һәм қозғалыс та, ең ақыр аяғында талай ғасыр ұлт арманы болып келген мемлекеттік Тәуелсіздік те осы айда жер жаһанға жарияланды.  Яғни, жайшылықта момын, жылқы мінездес қазақ осы айда атқа қонып,
None
None

 рухани сілкінісін бір байқатып өтіп отырыпты. Бодандық бұғауындағы жылдар бойы жинақталған, қордаланған қыжылын бір сарқып, жаңа жылға жаңғырып жетуге деген ұмтылыстар да осы айда туып отырған секілді. Қазақ бойындағы рухани ғана емес, саяси сілкіністер де осы айда дүниеге келді. Киелі айда дербес мемлекеттілікке алғашқы ұмтылыс ‑ «Алаш» автономиясы құрылды, кеңестік империяны ыдыратуға қуатты соққы жасаған ‑ «Желтоқсан» көтерілісі жалындады, түпкі нәтижеде - Тәуелсіздікке қол жетті.

 Алдымен Алаш мәселесіне келсек, 1917 жылы 5-13 желтоқсанында- Орынбордағы екінші жалпықазақ съезі өтіп, онда Алаш автономиясы жарияланғаны белгілі. Ұлт көсемдері Әлихан Бөкейхан мен Ахмет Байтұрсынұлы бастаған қайраткерлердің ұсынысымен ұйымдастырылған  Орынбор съезінде ең бастысы ‑ қазақ мемлекеттігі туралы мәселе қаралды. Съез алмағайып заманда батыл қадамға дем берді, «Ұлт Кеңесін» құрып, оның аты «Алашорда» болсын деген шешімді қабылдады. 25 орыннан тұрған бұл үкіметтің төрағасы болып көпшілік дауыспен Әлихан Бөкейхан сайланды. Түпкі мақсат - ұлттық мемлекет құруға бағытталды. Ал мемлекеттіліктің маңыздылығына орай, сол кездегі ұлт газеті «Қазақта» мынадай мақала жарық көрді: «5-13-ші декабрьде болған Орынбор Жалпы қазақ сиезіне жиылған өкілдер автономия туралы тоғыз күн толғанып, жүрегі дірілдеп, буындары қалтырап, бір айдан соң автономия жариялауға әрең қаулы қылысты. Бұлар неге мұнша көп толғанды? «Алаш алаш болғанда, Алаша хан болғанда қандай едік?» деген қазақтың арманды, сағынышты сөздерін естімеген бе? «Аз өлтірмес, жат жарылқамас», деген мақалша қазақтың өзінен сайланған үкімет қазақтың ұрпағын көгертіп, дүние жүзіне көрінбегіне, өз атасындай махаббат көрсе тойына нанбағаны ма? Жоқ. Әр істің өнгенде берерлік жұмысына қарай бер жағында етерлік еңбегі қатар тұрғаны сықылды, қызықты өмірдің қуанышы құпияда қатар тұрады. Автономия ‑ ешкімнен жәрдем сұрамайтын һәм ешкімге жалтаң болмайтын өз алдына бір патшалық болады. Ақыры сан қайғыны састырып келгенде Алаш ұлының басы құралмай, торғайдай тозып, әркімнің көшіне тіркеліп кеткенінен зор қайғы болмас. Алашқа қаны бірге Алаш ұлынан артық жанашыр бауыр табылмас. Алаштап ұран сап, Алаштың туын тіксек, сүйегінде шақпақтың қуындай жігер, намысы бар Алаштың ұлының шыққан шығынына, тартқан бейнетіне еті ауырмас деп, Аллаға тәуекел қылды. Тозғандықтың белгісі - бірсыпыра Алаштың баласы қалың Алаштың баласы бабасының атын атап, туын тікпеген соң Түркістан автономиясына қосылып отыр. Енді біз Алаш Ордасын құрған соң, Алаш аруағын жерге көміп, сарт болып кетемін деп, бір Алаштың баласының қалмасына панамыз. Бесінші ғинуарда Түркістан қаласында болатын Сырдария қазақтарының сиезіне үш кісі жіберіледі. Сол сиезде Түркістанға қосылған елдің адамдарымен сөйлесіп, бабасы Алаштың Ақ Орда, алтын бесігіне қол ұстасып, бірге қызмет етпекке шақырады. Олар құшағын жайып, қойнын ашқан бауырын кеудеге итермес». Осы мақаладан-ақ, қасаң замандағы  бар қазақтың басын бір тудың астына біріктіруге үндеген алаш идеясын, тәуелсіздік мұратын сезінеміз.

Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан бір сөзінде: «Әр ұрпақ өзіне артылған жүкті жетер жеріне апарып тастағаны дұрыс. Әйтпесе, болашақ ұрпағымызға аса көп жүк қалдырып кетеміз. Кейінгі ұрпақ не алғыс, не қарғыс беретін алдымызда зор шарттар бар», деген еді. Расында, ХХ ғасыр басындағы алаш қайраткерлері «өздеріне артылған жүкті» мойымай көтерді. Олар нысанаға алған ұлттық тәуелсіздік мәселесі ұлттың жадында өшпей маздап тұрды. 

Алаш мұраты санадан аластатылғанымен де оның негізгі идеясы жарты ғасырдан астам уақыт өткеннен соң, 1986 жылдың желтоқсанында қайта жаңғырды. 1986  жылғы Желтоқсан  көтерілісі   азаттық жолындағы бұрыннан сабақтасып келе жатқан жанкешті  күрестердің заңды жалғасына айналды. Желтоқсан  - ұлт тарихындағы ұлы дүмпу бола алды. Алаңға шыққан жастар да алаш қайраткерлері секілді елі үшін өз мойнына үлкен жүк артып, ұлтының құрбанына айналды. Желтоқсан ‑ бүкіл кеңестік жүйе бойында қоғам дамуына үлкен рухани серпіліс тудырды, мызғымас деп саналатын империяның күйреуіне, тәуелсіз мемлекеттің дүниеге келуіне жол ашты.

Әйгілі жастар көтерілісінен бес жыл өткеннен соң, тағы сол желтоқсан айында 1991 жылы Тәуелсіз Қазақстан мемлекеті жарияланды. Желтоқсанның 16-сы күні ата бабамыз армандап өткен бостандығымызға қол жеткіздік. Сондықтан да ұлтымыз үшін ең ұлық мереке - Желтоқсанның  16-сы болып отыр. Осылайша, қазақ дербестігіне қатысты жасалған тарихи қадамдар да, алғышарттар да желтоқсан айымен байланысып тұр. Қазақ үшін желтоқсанның ерекше қастерлі болатындығы да сондықтан. Тіпті, осыдан кейін Жәнібек пен Керей хандар Қазақ хандығын құру туралы «пәленше жылдың желтоқсан айында» шешім қабылдады деген нақты дерек табылса да таңғалмас едік. 

Биылғы  желтоқсанда қазақ өз Тәуелсіздігін осымен он сегізінші рет мерекелеп отыр. Мемлекетіміз кәмелет жасқа толды. Он сегіз жыл ішінде ауқымды шаралар атқарылды. Әлем елдері Қазақстанды таныды. Саяси істе де шаруашылық іс жүргізу жайынан да елдігімізді дәлелдедік. Мемлекетіміздің ұзақ мерзімді стратегиясы бекітілді, яғни нақты бетке алған бағытымызды айқындадық. Дамуда алдыға кеткен Еуропа елімізге сенім білдіріп, келер жылға беделді ұйым тізгінін ұсынып отыр. Бұл он сегіз жастағы мемлекет үшін үлкен белес.

 Дегенмен де, қазір жеткен жетістікке тоқмейілсіп қалуға болмайтын заман. Оның үстіне бүгінгі ұрпақтың мойнына артылған жүк бұрынғыдан да ауырлай түспесе, жеңілдеген емес. Өйткені, тәуелсіздікті жариялаумен қоса, оны ұстап тұру да үлкен жігерді талап етеді. Ал жаһандану заманында мемлекеттер үшін экономикалық тәуелсіздік бірінші орынға шығып отыр. Сондықтан да қазақтың ендігі міндеті бұрынғыдан да ауыр.  Осы аптада Тәуелсіздік мерекесіне арналған салтанатты жиында Мемлекет басшысы Н. Назарбаев та осы мәселеге баса назар аударды.  «Тәуелсіздіктің кезекті жыл­ды­ғын атап өту бізге ең алдымен той тойлау үшін емес, ой ойлау үшін керек. Тәуелсіздік­тің тайғақ кешулі жолында алдымыздан шығатын асу-асу белдер де болады. Ұлттың ұлан асуында ұйытқи соғатын желдер де болады. Сол асу-асу белдерде бе­лімізді талдырмауымыз керек. Сол ұйытқи соғатын желдерде ұлы мұ­рат­тарымызды ұмыт қалдырмауы­мыз керек. Нағыз тәуелсіздікке қиын істе тәуекелге бара ала­тындардың ғана қолы жетеді», деді Елбасы. 

*   *    *

Соңғы бір-екі жылдың ішінде-ақ Қазақстанда ғана емес, әлем елдері бойынша ауыл шаруашылығы саласына, агроөнеркәсіп кешеніне көзқарас түбегейлі өзгеріске түсті. Азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі жекелеген мемлекетаралық мәселе болудан қалып, ғаламдық деңгейдегі талқылауларға ұласып отыр. Оның үстіне дағдарыс үдеген сайын әрбір мемлекет азықтық қорын қымтауды ойға ала бастағандай. Осы тұрғыдан алғанда осы аптадағы ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтың қатысуымен өткен еліміздің агроөнеркәсіп кешенін дамытудың республикалық кеңесінің маңызы зор деп айтуға болады. Өйткені салаға мүдделі органдар ғана емес, әкімдердің, өңірлік аграрлық ірі компаниялардың өкілдерін біріктірген жиында жаңа бағыттар жайында әңгіме қозғалды, қойылған міндеттерді шешу жолдары, бұл бағыттағы қауіпсіздікті нығайта түсу шаралары пысықталып өтті.

 Жалпы, ағымдағы жылғы экономикалық-қаржылық күйзеліс аграрлық саланың даму қарқынына кері әсерін тигізіп, айтарлықтай қиыншылықтар туғызды. Алайда, Үкімет тарапынан уақтылы қамтылған шаралар қол жеткен жетістіктерді сақтап  ғана қоймай, саланың көтерілуіне де мүмкіндік туғызды. Мәселен,  биыл ауыл шаруашылығы өндірісінің жалпы ішкі өнімдегі көрсеткіші 11 пайызға дейін артатыны болжанса, осының өзі соңғы 8 жыл ішіндегі ең жоғары көрсеткіш екен. Ауа райының қолайсыздығына және қаржылық дағдарыстың әсеріне қарамастан, салада даму қарқыны сақталып отыр. Мысалы, егін шаруашылығында 20 млн. тонна астық жиналса, барлық дақылдар түрі бойынша дерлік өндіріс көлемі артты. Өсімдік майы дақылдарын өндіру 700 мың тонна шамасын құрады, бұл рекордтық көрсеткіш. Осылайша, алғаш рет өсімдік майына сұраныстағы норманы еліміздің өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейіне жетті. Бұдан басқа, былтырғы жылмен салыстырғанда күріш, картоп және жеміс-жидектер мөлшері 20-25 пайызға артқан болса, мал шаруашылығы үшін жем дайындау былтырғыдан 20 пайызға өскен.  Яғни, күш салса Қазақстан өз ішкі нарығын қамтып, қауіпсіздікті арттырып қана қоймай, экспорттық бағдарды да осы саладан дамыта алады деген сөз. Бұл үшін не керек?

Біріншіден - еліміздің ауыл шаруашылығы саласындағы қордаланып қалған проблемаларды шешудің бір жолы -  аграрлық ғылымды дамыту. Аграрлық ғылым басталған жұмысты жалғастыра отырып, шетелдік технологияларды трансферттеу, өндіріске ғылыми әзірленімдерді енгізу және аграрлық кадрларды оқыту үдерісінің белсенді қатысушысы болуы шарт. Ауыл шаруашылығы министрі А. Күрішбаевтың айтуынша, осы мақсатта келесі жылдан бастап ғалымдарға ақы төлеу жүйесі өзгеретін болады. Өндіріске өсімдіктің сортын және малдың тұқымдарын енгізгені үшін сыйақы төлеу жолымен ауыл шаруашылық тауарын өндірушілер ғылымдық қаржыландыруға тікелей қатысатын болады.  Екіншіден, салада қордаланып қалған өзекті проблемалардың бірі ретінде аграрлық секторға арналған кадрлар мен мамандардың жетіспеушілігі байқалып тұр. Деректерге жүгінсек, қазіргі таңда елімізде жоғарғы және орта арнайы білімді 10 мыңға жуық және 30 мыңдай бұқаралық кадрлар жетіспейді екен. Мұндағы басты мәселе кадрларды дайындаудағы мемлекет пен жеке меншік әріптестігін дамыту қажеттілігіне,  мамандарды және ауылды жерлерге кадрларды тартудағы ынталандырудың нақты тетіктерінің жоқтығына келіп тіреледі. Бұл проблеманы шешу үшін ауыл шаруашылығы мамандарын дайындауға арналған мемлекеттік тапсырысты ұлғайтуға бағытталған арнайы шаралар кешенін әзірлеп, жүзеге асыру қажет.

Келесі бір өзекті меселе - саланың білгір мамандары біраздан бері көтеріп келе жатқан мамандандырылған банк, яғни агробанк құру мәселесі. Парламент депутаттары тарапынан осындай агробанк құруға қатысты дүркін-дүркін мәселе ретінде көтеріліп, Үкіметке сауал жолданған да болатын. Бірақ, сондай банкті құруға қатысты әзірше еш нәтиже байқалмай отыр. Тікелей министрлік те бұл мәселені қолдайтын сыңай танытады.  Мәселен, «ҚазАгро» холдингінің басқарма төрағасы Асылжан Мамытбеков дәл бүгінгі күні бұндай мамандандырылған банктің ауадай қажеттігіне назар аудартты.

«Ағымдағы жылы мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығын несиелендіруге қатысты теңдессіз қадамдар жасалды. Банктік несиелердің бірден қысқаруы жағдайында бұндай шаралар оң рөл атқарды. Несиелер банктердің кепілдігі негізінде беріліп, олардың өзі орташа алғанда жылдық 4 пайыз табыс тапты. Дегенмен, нақты тапсырмаларға, «Самұрық-Қазына» арқылы бизнесті кредиттеуге бөлінген қаражаттарға қарамастан, банктер ауыл шаруашылығы мен ауыл шаруашылығы тауарларын өңдеу саласын несиелендіру ауқымын төмендетіп отыр. Соның салдарынан біз биылғы жылы өңдеу саласы бойынша төменгі көрсеткіштерді қанағат тұттық. Осының өзі аграрлық секторды қолдау үшін арнайы мамандандырылған банктің қажет екендігіне тағы да дәлел бола алады», деді А. Мамытбеков. Оның айтуынша, бұндай банк тәуекелдерді азайту мақсатында жеке тұлғалардың депозиттерінсіз-ақ жұмыс істей алады, бірақ барлық табыстар қайтадан саланы дамытуға жұмсалуы шарт. Әлемдік тәжірибеге жүгінсек, ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын ірі мемлекеттердің барлығында мамандандырылған банктік құрылымдар жұмыс істейді екен.  Мәселен, қазіргі күні Германияда, Францияда, Нидерландыда, Қытайда, Ресейде бұндай банктер үлкен іс тындырып жатқан көрінеді. 

Ал Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев еліміздің агроөнеркәсіп кешенінде мамандандырылған қаржыландыру жүйесін құруды ұсынды.  Министр өз сөзінде ауыл шаруашылығын несиелеудің тиімді жүйесінің жоқтығы - бүгінде агроөнеркәсіп кешенін басқарудағы ең әлсіз буын екендігін алға тартты. «Екінші деңгейлі банктердің жиынтық несиелеу қорындағы ауыл шаруашылығы несиелерінің  үлесі 3,5 пайызға дейін төмендеп отыр. «ҚазАгро» ұлттық холдингінің еншілес компаниялар арқылы қолданыстағы бюджеттік несиелеу есебінен қаржыландырудың туындаған тапшылығын өтеу мүмкін емес. Субсидияны ылғи да ұлғайту есебінен несиелеу жүйесін қалпына келтірусіз ауыл шаруашылығын келешекте дамытудың перспективасы жоқ. Мұның астарында масылдық көңіл-күйді тудыратын және саланың бәсекеге қабілеттілігін төмендететін қауіпті үрдіс жатыр. Аграрлық банктер құрылған және тиімді жұмыс істеп жатқан елдерде бұл проблемалар айтарлықтай табысты шешіліп жатқандығы және өндірісте жақсы нәтижелерге қол жеткізіп отырғандығы халықаралық тәжірибеде көрініп отыр. Мәселен, біздің ірі сауда әріптесіміз болып табылатын Ресейде Ресей агробанкі құрылған. Соның арқасында соңғы 2 жылда аграрлық саланы несиелеу көлемі 4 есеге ұлғайып, 12 млрд. доллар құрады. Нәтижесінде, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі және Ресейдің агроөнеркәсіп кешенінің техникалық және технологиялық базасын жаңарту қарқыны ұлғайды. Сондықтан  бізге агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыру жүйесін құрып, ауыл шаруашылығына арналған бүкіл бюджеттік қаражатты біртұтас арнаға жұмылдыра отырып осы жолмен жүру қажет», деді А. Күрішбаев. Алқалы жиын барысында, сондай-ақ субсидиялау, егін тасымалын әртараптандыру, мал шаруашылығын дамыту, жерді күту, Кеден одағы аясында экспорттық әлеуетке бағдарлану секілді маңызды шаралар талқыға салынды.

Соңғы жаңалықтар