Жемқорлықпен күрес жөніндегі республикалық кеңеске 1,5 мың, өңірлік кеңеске 5 мыңнан астам өтініштер келіп түскен

АСТАНА. Желтоқсанның 20-сы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Ағымдағы жылдың басынан бері Жемқорлықпен күрес жөніндегі республикалық қоғамдық кеңеске азаматтар тарапынан 1,5 мың, ал өңірлік кеңеске 5 мыңнан астам өтініш келіп түскен.
None
None

Бүгін «Нұр Отан»  ХДП жанындағы Жемқорлықпен күрес жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің отырысы барысында партия Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Әлеуметтанушылардың зерттеулеріне сүйенсек, сауалнамаға қатысқан азаматтардың 20 пайызы сыбайлас жемқорлыққа төзімділікпен қарайды екен. Ал 27 пайыз азаматтар жемқорлық фактілеріне немқұрайды, яғни «маған бәрібір» деп қараса, 5 пайызы тіпті бұндай дертке оң көзқарас танытыпты. Бұның өзі қоғамда сыбайлас жемқорлықты кәдімгідей дұрыс деп қабылдайтын үлкен әлеуметтік топтың бар екендігін аңғартады. Ендеше, сыбайлас жемқорлықтың кез-келген көрінісіне төзімділікпен қарайтын қоғамдық пікірді өзгерту қажет», деді Н. Нығматулин.

Партия Төрағасының орынбасары бұл ретте қоғамдық кеңестер нақты фактілерді зерделей отырып, жемқорлыққа қарсы саясатқа негізделген ұсыныстар мен заң жобаларын әзірлеу қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, 2009 жылы Жемқорлықпен күрес жөніндегі республикалық қоғамдық кеңеске азаматтар тарапынан 1,5 мың, ал өңірлік кеңестерге 5 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Бұлардың басым бөлігі атқарушы биліктің, құқық қорғау органдарының әрекетсіздігіне немесе заңға қайшы әрекеттеріне қатысты, сондай-ақ сот үкімдеріне келіспеушілікке байланысты болып отыр. «Партияның араласуы нәтижесінде келіп түскен барлық өтініштердің үштен бірі толық немесе ішінара оң шешімін тапты. Ал қалған бөлігі не жауапсыз қалды, не болмаса оларға қатысты әлі де зерттеу жүргізілмеген болып отыр. Сондықтан да, бізге жұртшылықпен кері байланысты күшейту қажет. Егер азаматтар тарапынан партияға өтініш жасалған болса, онда сол азаматтар тиісті жауап күтіп отыр деген сөз. Сыбайлас жемқорлықпен күресте халықпен кері байланысты нығайтудың маңызы зор. Осыған қарай, бұқаралық ақпарат құралдарының рөлін арттыру керек. Сыбайлас жемқорлықпен күреске БАҚ қызметі бүкіл әкімшілік-шенеуніктік аппараттың жұмысынан әлдеқайда басым әсер етеді», деді Н. Нығматулин.   

Соңғы жаңалықтар