Жемқорлықпен күресте партияның өңірлік ұйымдарын нығайту керек - Н. Нығматулин

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Н. Нығматулиннің айтуынша, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте ең алдымен өңірлердегі кеңес пен облыстық партия ұйымдарының белсенділігі басты роль атқарады.
«Сыбайлас жемқорлық мәселесінде партияның өңірлік ұйымдарының селқостық танытуы партияның жұмысына деген сенімсіздік тудырады. Яғни бұл ондай салғырттық партияның жүргізіп отырған саясатына да кері әсерін тигізеді деген сөз. Облыстық және өңірлік партия ұйымдары қызметіндегі атүстілікті жою үшін барлық өңірдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы кеңестердің тиімділігін зерттеп, олардың әрекеттерін бағалау қажет деп санаймын. Егер керек болып жатса, сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі өңірлік кеңестің құрамын партияның басқа да белсенді мүшелерімен алмастырып, қоғамдық ұйым өкілдерін тарта отырып нығайту керек. Сонда ғана атқарылған шаралар нәтиже береді», деді Н. Нығматулин.
Сонымен бірге Төраға орынбасары партия қоғамдық кеңестерінің құқық қорғау және қадағалау органдарымен тығыз байланыста жұмысын жалғастыру қажеттігін атап өтті. «Меморандум негізінде құқық қорғау органдарымен жұмысты жандандыруға қатысты тәжірибелерді зерделей отырып, жаңа қадамдар жасау қажет», деді ол.