Жеңіс Қасымбек көмір бағасын қалай арзандататынын айтты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек  көмір бағасын қалай төмендететіндігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Отырыс барысында Жеңіс Қасымбек Астана қаласын мысалға келтіре отырып, көмір бағасын қалай түсіретінін жан-жақты айтып берді.

«Көмір разрезіндегі баға өзгермейді, ол - 5500 теңге. Трейдер бағаны 60-70 пайызға төмендетеді, үстеме 2 985 теңгеден 885 теңгеге дейін төмендейді деп жоспарлап отырмыз. Орташа алғанда 2 100 теңгеге дейін айырмашылық болады. Шұбаркөл разрезінен Астанаға дейін теміржолмен тасымалдау шығыны 1 715 теңгені құрайды. Стансалар арасындағы қашықтық 616 шақырым»,- деді ол.

Оның айтуынша, теміржол көлік шығындары стансадан эстакадаға дейін 1 242 теңгені құрайды. Оған вагондарды стансадан көмір сақтау орындарының шекарасына дейін жеткізу, көмір сақтау орындарының шекарасынан эстакадаға дейін түсіру, иесінің жол тармағы бойынша жүру, вагондарды түсіру шығындары кіреді. 

«Бұл ретте, баға төмендетілген жоқ. Біз бұл жерде  бағаны төмендетуге резервтер бар деп есептейміз. Сондықтан, монополияға қарсы органның осы жағдайды зерттеуін сұраймыз. Көмір қоймаларындағы сатушылардың үстемесі - 2000 теңге.  Олар 25-30 пайызға, яғни, 1500-1700 теңгеге дейін төмендетуге дайын. Қабылданған шаралардан кейін көмір бағасы бір-екі аптаның ішінде Астанада 18 пайызға төмендейді деп күтудеміз. 13 600-14 500 теңгеден 11 200 теңгеге дейін арзандайтын болады. Айырмашылығы 2 400 теңге», - деді ол.

Сонымен қатар ол көмір қоймаларынан соңғы тұтынушыға дейін автомобиль көлігімен көмір жеткізуде  бағаның қалай қалыптасатындығына талдау жүргізілгенін айтты.

«Мысалы, Астанадан Талапкерге дейін автомобильмен көмір құны 15 000 теңге болады. 1 тонна көмірді жеткізу бағасы 2142 теңге. Тасымалдау құнын қосқанда көмірдің бағасы бүгінде Талапкерде 15 642 теңгеге жетеді. Бағаны төмендету бойынша қабылданған шаралардан кейін Талапкердегі соңғы тұтынушыға жететін баға 13 242 теңге болады. Сондай-ақ, Ильинка, Қоянды елдімекендеріне жеткізу бағасын есептедік», - деді Жеңіс Қасымбек.

Еске салайық, бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында Инвестициялар және даму министрі қолға алынған жұмыстардың нәтижесінде халыққа жеткізілетін көмір бағасы 2,5 - 3 мың теңгеге арзандайтынын айтты.

Ал Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев көмір құнын арзандату тұрғысында Үкімет өз жұмысын атқарғанын, ендігіде, олардың халыққа жеткізілуі әкімдерге байланысты екендігін атап өтті. 

Соңғы жаңалықтар
Референдум