Жеңіс мерекесін Астанада тойлау - біздер үшін үлкен қуаныш - батысқазақстандық майдангер М.Жаданов
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жаңақалада ауданында 1924 жылы дүниеге келген Мәжит Жаданов он сегізге толғаннан кейін-ақ Отан қорғауға аттанды. Орел-Курск иініндегі алапат шайқасқа ол да қатысты. Тура қырық күн соғысты. Содан кейін Украина жерінде жалғасқан ұрыстар да оңай тиген жоқ. Харьков қаласын азат еткеннен кейін жарақат алған Мәжит Жаданов ұзақ емделді. Оң жақ өкпеге дендеп енген жарқыншақты алу үшін қабырғаны кесуге тура келді. Ақыры сол өкпенің жартысын алып тастады.
Қайта сапқа қосылған М.Жаданов Уфада 32-атқыштар полкінде қызмет етіп, Жеңісті сол жерде қарсы алды. Содан кейін гитлерлік Германиямен одақтас болған Жапония әскерін жою үшін бұларды шығысқа қарай жөнелтті. Бірақ Читаға тоқтаған олар соғысқа кірісіп үлгерген жоқ.
1945 жылдың аяғында елге оралған Мәжит Жаданов бірден еңбекке кірісті. Соның ішінде ардагер бұқаралық ақпарат құралдарында да жемісті еңбек етті. 1954 жылы облыстық «Орал өңірі» газеті редакциясына шақырылып, сегіз жыл бойы тілшілік қызметті атқарса, содан кейін Фурманов ауылында төрт ауданға 15 мың данамен тараған «Коммунист» газетінің редакторы болды. 1972 жылы Жаңақала ауданы құрылған кезде аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасарлығына жіберіліп, бұл қызметті он алты жыл бойы абыроймен атқарды. Тоғыз айдың ішінде аудан орталығы газбен, сумен қамтамасыз етілгені әлі есінде.
Мәжит Жаданов зейнеткерлікке әлдеқашан шықса да, тыным тапқан емес. Үнемі облысты аралап, замандастары жөнінде жазып жүреді. Қазіргі кезде Орал қаласында тұратын ардагердің мақалалары бірде Ақжайық, бірде Қаратөбе, енді бірде Жаңақала ауданынан шығып жатады.
-Елбасымыз биылғы Жолдауында да Ұлы Жеңістің 65 жылдығына орай ардагерлерге қамқорлық пен құрмет көрсетіле беретінін атап өтті. Ол үшін, әрине, ризашылығымыз шексіз. Ресей мемлекетімен бірлесіп, Ұлы Жеңіс мейрамын кеңінен тойлауды алдын ала ойластырды. Мәскеудегі шеруге біздің облыстан Бисен Жұмағалиев пен Иван Гапич қатысатын болса, біз өз астанамызда тойламақпыз. Бұл - ардагерлер үшін жасалып отырған ерекше құрмет. Күн сайын біздің қатарымыз селдіреп барады. Мен тұрған Жаңақала ауданында қазір жеті-ақ майдангер қалды. Жаңақаладан соғысқа 4699 адам аттанса, соның 2600-і аман оралды. Қалғаны ұрыс даласында мәңгілікке орын тепті. Кеңес Одағының Батыры Мәжит Жүнісов соғыстың соңғы күндерінде Прагада қаза тауып, сонда жерленсе, тағы бір батырымыз Сәлім Айтқұлов елге оралып, облыстық тұтынушылар одағы төрағасының орынбасары болып қызмет атқарды. Кеңес Одағының Батыры Есен Орақбаев Жаңақала ауданында «Красногор» кеңшарының директоры болып, жарқын із қалдырды. Міне, біз осындай ерлерімізді ұмытпауымыз керек. Олардың үлгілі істерін көпке, әсіресе, жастар арасында насихаттай білуіміз қажет. Былайша айтқанда, Ұлы Отан соғысындағы халқымыздың ерлігі мен еңбегі алпыс бес жыл, тіпті жүз жыл өтсе де, ел жадынан өшпек емес, - деп қорытты ойын майдангер.