Жеңіс мерекесіне орай ардагерлерге арнайы дастархан жайылды - БҚО

Ардагерлерді Жеңіс мейрамымен облыс әкімі Нұрлан Ноғаев құттықтап, жылы лебізін жеткізді. «Сұрапыл соғыстың қандай болғаны, оның қиындығы мен бейнеті сіздерге ғана аян. Оны кейінгі буын өкілдері сіздер жазған кітаптардан, ақпарат құралдарындағы естеліктеріңізден оқып, біліп жатыр. Бүгінгідей бейбіт күн сыйлағандарыңыз үшін біз сіздерге қарыздармыз. Сіздерге қамқорлық жасау міндетіміз. Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, ұзақ ғұмыр тілеймін», - деді әкім.
Шара барысында сөз алған ардагерлер өздеріне құрмет көрсетіп, дастархан жайғаны үшін облыс, қала басшылығына ризашылықтарын жеткізді. Мәселен, 1945 жылы Мәскеуде өткен Жеңіс шеруіне қатысқан Иван Гапич, Сталинградты қорғаған Жамалитдин Исқақов, Қайыржан Бәйменов осынау отырыстың арқасында бір серпіліп қалғандарын айтты.
Ұмытылмас отты күндерде ер-азаматтармен бірге нәзік жандылар да соғыс даласына аттанды. Солардың бірі - Майра Мұқатова. Ленинград шайқасында болған оның жасы бүгінде тоқсаннан асты.