ЖЕҢІСКЕ 2 КҮН ҚАЛДЫ: Германия Қарсылықсыз тізе бүгу туралы Актіге қол қойды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін, 1945 жылдың 7 мамырына қараған түні - 2 сағат 41 минутта, яғни, соғыстың 1416 күні Францияның солтүстік-шығысында орналасқан Реймс қаласында нацистік Германия қарулы күштері бас қолбасшылығының оперативтік штабының бастығы, генерал-полковник Альфред Йодль бастаған неміс делегациясы барлық майданда Қарсылықсыз тізе бүгетіндері туралы Актіге қол қойды.
None
None

АҚШ қарулы күштерінің генералы, Одақтастар әскерлерінің қолбасшысы Дуайт Эйзенхауэрдің штабында өткен бұл рәсімге англо-америкалық тараптан АҚШ армиясының генерал-лейтенанты, Одақтық экспедициялық қарулы күштердің Бас штабының бастығы Уолтер Бедел­л Смит, КСРО тарапынан одақтастар қолбасшылығы жанындағы Жоғарғы Бас қолбасшылық штабының өкілі, генерал-майор Иван Суслапаров және Франция тарапынан генерал Франсуа Севез қатысты.

Нацистік Германияның құрлықтағы, әуедегі және теңіздегі қарулы күштерінің тізе бүгуі 8 мамыр күні 23 сағат 01 минутта (орташа еуропалық уақыт бойынша) күшіне енді.

Айта кетелік, бұл құжат ағылшын тілінде жазылған болатын. Алайда, Сталиннің үзілді-кесілді талабы бойынша нацистік Германия үкіметі «жеңімпаздардың жерінде емес, өздерінің жеңілген жерінде, фашизмнің ордасы - Берлинде, Кеңес әскерлері қарулы күштері қолбасшылығының қатысумен» екінші қайтара Қарсылықсыз тізе бүгу Актісіне қол қоятын болып шешілді.

Ал «Социалистік Қазақстан» газетінің 1945 жылдың 9 мамырындағы (сәрсенбі) №90-шы санында жарық көрген Кеңес ақпарат бюросының 7 мамырдағы ұрыстар мәліметі төмендегідей:

«1-ші БЕЛОРУС майданының әскерлері МАГДЕБУРГ қаласының солтүстік және солтүстік-шығыс тұсынан ЭЛЬБА өзеніне шығып, ГЕКТИН мен ЦЕРБСТ қаласын және ШЕНХАУЗЕН, БЕРГЦОВ, ПАРЕЙ, ШАРТАУ, ГЕРВИШ, ЛЕЙТЦКАУ, ГЕРДЕН, ВАЛЬТЕРНИНБУРГ, ШТОЙТЦ елді мекендерін алды.

Ал, 6-шы мамыр - соғыстың 1415 күні болған ұрыстар барысында майдан әскерлері БРАНДЕНБУРГ қаласының солтүстік және солтүстік-батыс жағында алға жылжи отырып, ЗАНДАУ, ВУЛЬКАУ, КЛИТЦ, ФЕРХЕЛЬ, ФИРИТЦ, ШЛАГЕНТИН, ПЛАУЕ, ГРОСС-ВУСТЕРВИТЦ, КАДЕ, КА-РОВ елді мекендерін алған болатын. Осы күні майдан әскерлері 3100 неміс солдаты мен офицерін қолға түсіріп, әуежайдан 34 жау ұшағын олжалады.

5-ші мамырдағы ұрыстар барысында 17120 неміс солдаты мен офицері тұтқындалды.

1-ші УКРАИН майданының әскерлері 7-ші мамыр күні ұзаққа созылған қоршаудан кейін БРЕСЛАВЛЬ (БРЕСЛАУ) қаласын әрі қамалын алды.

Қамалдың коменданты, генерал фон Нигоф басқарған гарнизон қарсылықты тоқтатып, қаруларын тастап, тұтқынға түсті.

7 мамыр күні 19 сағатқа қарай, біздің әскерлер БРЕСЛАВЛЬ қаласында немістердің 40 000 астам солдаты мен офицерін тұтқындады.

4-ші УКРАИН майданының әскерлері МОРАВСКА ОСТРАВА қаласының батыс және оңтүстік-батыс жағында шабуыл жасай отырып, ФРЕЙДЕНТАЛЬ, ФРИД-ЛАНД на МОРАУ, МЕРИШ-НЕЙШТАДТ, ШТЕПАНОВ қалаларын және ВИЛЬДГРУБ, ШУМВАЛД, МЕДЛОВ, ХВАЛКОВИЦЕ, ШМЕЙЛЬ, СПАЛОВ, ОДРЫ, ПАЛАЧОВ, ЛЕШНА ірі елді мекендерін ұрыспен алды.

Ал 6-шы мамыр - соғыстың 1415 күнінде осы майданның әскерлері осы бағытта ұрыс жүргізе отырып, БЕНИШ, ШТЕРНБЕРГ, ПРЖИБОР, НОВЫЙ ЙИЧИН, ФРЕНШТАТ, ВАЛАШ МЕЖИРИЧИ, ГОЛЕШОВ қалаларын алған болатын. Осы және 5 мамырда болған ұрыстарда майдан әскерлері немістердің 3000 астам солдаты мен офицерін қолға түсірді.

5-6 мамыр аралығында әуе ұрыстарында зениттік артиллерияның күшімен жаудың 10 ұшағы атып түсірілді.

Айта кетелік, 6 мамыр күні Праганы азат ету операциясы басталды. Ол 11 мамырға дейін созылды. Оған 1-ші, 4-ші және 2-ші Украин майданының әскерлері және Польша әскерінің 2-ші армиясы, 1-ші және 4-ші румын армиялары және 1-ші чехословакиялық армиялық корпус қатысты» - делінген мәліметте.

Соңғы жаңалықтар