ЖЕҢІСКЕ ЖЕТКІЗГЕНДЕРІМІЗ: Он сегізінде Днепрді алуға қатысқан батыр

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Шиелі ауданында Ұлы Отан Соғысына қатысқан 10 ғана ардагеріміз қалды. Бүгін сіздерге соның біреуімен қысқаша таныстырайық.
None
None

Жеңсікбай Нәлібаев Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Жаңатұрмыс ауылында дүниеге келген. 1942 жылы кәмелеттік жасқа толған бойда әскерге шақырылады. Алматыда үш ай әскери училищеде дайындықтан өтеді. Жеңсікбай ақсақал: « Ей, айналайындар-ай, соғыс деген бір еске ала беретін қызықты дүние дейсіңдер ме, басқа салды біз көндік,-деп алып әңгімесін жалғайды. - Соғысқа аттанған алғашқы күнім әлі есімен кетпейді. «Алматыдан күніне 3-4 эшелон солдаттар жөнелтілді. Біз мінген эшелонға «Орынбор-Ташкент» темір жолында жол босамай, Сібір темір жолы бағытымен Новосибирск арқылы аттандық. Бір вагонда 47 адам болып келдік. Көбі 19 бен 25 жас аралығындағы жігіттер. Күн суық. Ортада пеш, соны айнала жатамыз. 1943 жылдың наурызында 138-атқыштар полкі құрамында Мәскеуден өтіп, 3-Беларусь майданына келіп түстік. Қолбасшымыз - Малиновский. Сол келген түні-ақ соғысқа кірдік. Тастай қараңғы. Кімнің кім екенін тану мүмкін емес, әйтеуір алға жылжып келеміз. Таң қылаң бере бір қаланың шетіне табан тіредік. Сәл тыныстаған әскер қайтадан жөңкіле, алға қарай ұмтылды. Жүгіріп келеміз. Кенет соңымда жас баланың еңкілдеп келе жатқанын естідім. «Көке, біз өзі қайда бара жатырмыз?» дейді айқайлап. Қарасам кішкентай қазақтың баласы. Иығындағы мылтықтың дүмбісі жер сызып жүр. Шамасы 14-15 жастағы бала. «Мұны да соғысқа жіберген бе?» деп таң қалдым. Сөйтсем семейлік екен. Шешесі комсомол қатарына ертерек қабылдатамын деп екі жас қосып жазған болып шықты құжатына. Артынша соғыс басталып, әскерге аттаныпты. Кенет әудем жерге ысқырып келіп жарылған снаряд жарықшағы тиіп, байғұс бала сол жерде тіл тартпай кетті. Кейін сол баланың еліне хат жаздым» дейді ата көзіне жас алып.

Иә, сұм соғыс әкені баладан айырды, қаншама отбасы қара жамылып қалды. Атаның айтуынша, соғыстағы ең қиын сәт -Днепрден өту болыпты.

«Осы өзеннен өтеміз деп біраз адам қырылды. Содан уақыт намаздыгерден өте жоғарыдан «водовозбен» арақ әкеліп, солдаттарға аямай ішкізді. Мақсат -Днепрден өту. Артынша «тигач» деген танкінің бір түрі өзен үстіне тұра қалды. Бәріміз жанталаса соған міндік. Түн ортасы ауа серіктеріміздің көбінен тірідей айырылып әрең дегенде жағаға жеттік. Алдымызда тағы қиындық. Жағалаудың бұл беті жар екен. Жар астында ентігімізді біраз басып, бұйрық берілгеннен кейін шабуылға шықтық. Жауды батысқа қарай бірнеше ай қудық. Қай жер екені дәл есімде жоқ. Еуропаның бір еліндеміз. Блиндажда жатқан бізге түнде ілгері басуға бұйрық берілді. Бір батальон солдат қалың орман ішінде келеміз. Ай жарық болғанымен, орман іші қара көлеңке. Бір кезде артымыздан «Тоқтаңдар!» деп айқайлады. Сөйтсек, қарсы алдымызда қаумалаған неміс қаптап келеді екен. Сасқанымнан жанымдағы үлкен қарағайға жабысып тұра қалдым. Олар байқамай жанымыздан өте шықты. Кеткеннен кейін қарасам, біздің солдаттардан ешкім жоқ. Ауыр пулеметтерді бей-берекет тастап қашып кетіпті. Өз пулеметімнің «затворын» алып, біздің шептің окопына келіп құладым. Әлгі солдаттардың көбі осында екен. Содан генерал шақырды. Болған жайтты баяндадым. Тек өзімнің қаруымды көтеруге шамам жеткенін айттым. Олар кітапшаны ашып, мен әкелген затвордың нөмірін тексеріп, сөзімнің ақиқаты дәлелденді. Менен кейінгі сұрау кезегі батальон командиріне келді. «Шегінуге кім бұйрық берді? Неге қаруларыңды тастап кеттіңдер?» деген сауалдарға жауап бере алмаған оны табан астында атып тастады. Ал, маған екі сағатта пулеметтерді тауып әкелуді бұйырды. Блиндажға келіп, болған оқиғаны жігіттерге жеткіздім. Қалайда қаруларды тауып әкелу қажеттігін айттым. Барсақ, ешқандай қару жоқ. «Енді мені де атады» деп көз ілмей жатырмын. Таң ата кеудеме оқ тиіп, қатты жараланыппын. Алты күн «санчаста» жаттым. Бұл алғаш жаралануым еді. Адамның жаны сірі екен, екінші рет аяғымнан жаралансам да, аман қалдым. Жараланған мені арбамен әкеле жатыр. Кенет жолдың жиегінде екі аяқ-қолынан бірдей айырылған тірі немісті көрдім. Жол қапшығында бірдеңе бар сияқты, әлгіні тісімен ашқысы кеп жанталасып жатыр. «Қарны ашып, нан жегісі келді ме екен» деген ой келді маған. Шіркін, өмір сүрудің қаншалықты тәтті екенін сол кезде ұғындым» дейді атамыз сұрапыл жылдарды еске алып.

Жеңсікбай Нәлібаев соғысты Германияда аяқтаған. 1945 жылы Шығыс Пруссия жерінде болған. Берлинге жақындағанда «Соғыс бітті» деген хабар келген. Кейіннен барлығы 17 солдатты Нюрнберг қаласының шығысындағы үлкен тас жолдың бойындағы №1 концлагерге алып кетеді. Айтуынша, 27 мың адамға арналған лагерь екен. Бұрын адам қамалған лагерде тірі пенде жоқ дейді. Басшылары майор Садиков деген орыс пен капитан Нұржанов деген қазақ болыпты. Бір күні Садиков «Тұтқындар келеді, соларды қабылдаймыз» дейді. Сол қыс ортасына жетпей лагерь неміс тұтқындарына толыпты. - Алғашында олардың жағдайы жаман болмады. Кейіннен аптасына 40-қа жуық неміс жантәсілім ететін болды. Орға тасталып, өртелді. Кейін қалғандарын тамақтан қысты. Ақыры түгел аштан өлді. Кезінде немістердің тұтқынында болған біраз Кеңес солдаттары сатқын деген айыптан қорқып, Англияға өтіп кетіпті. Кейін сол жақтан келген өзіміздің адамдарды қабылдап, оларға үкімет тарапынан ешқандай қысым жасалмайтынын айтып, эшелонға тиеп, елге жіберіп жаттық. Сол адамдардың ішінен қазақтарды да көрдім. Олар Мұстафа Шоқай жайлы біраз әңгімелер айтты. Көптеген мұсылмандар сол кісінің арқасында аман қалыпты. Германияда арнаулы тапсырмамен бір кісінің үйінде қонақта болдым. Сонда үйдің иесі түркістандық екенімді білгенде сақтаулы тұрған Мұстафа Шоқайдың портретін көрсетіп, әбден мақтады, - дейді өзінің естелігінде. Майдангер ақсақал екі жылдай Германияда жүріпті. Америкалық солдаттармен де дәм-тұздас болған. Елге 1947 жылы оралады. Кеудесі медаль, орденге толы. Мұнда келген соң жұрт қатарлы егін егіп, мал бағады. Жиырма жыл қой баққан. 1967 жылдан бастап Ыбырай Жақаевпен бірге күріш егіп, звеносында үш жыл еңбек етеді. Шиеліге Қажымұқан келгенде колхоз бастығы темір жолдың арғы бетіндегі Ақбалтан деген әйелдің үйіне түскен атақты палуанға екі мес қымыз жеткізуді Жеңсікбай Нәлібаевқа тапсырыпты. Күш атасы атанған Қажымұқанмен де дәмдес болғанын мақтанышпен айтып отырады.

Ия, соғыстың аты - соғыс. Сонау сұрапыл жылдарда Отанын қорғауға аттанған Жеңсікбай Нәлібаевты ауылдастары ылғи да мақтан тұтады. Тоқсан жастағы ақсақалға немерелерінің тұсауын өзіне кестіріп, аталарындай қаһарман болсын деп, аузына түкіртіп қояды. Жұбайы Әзиза апа да «Алтын алқа» иегері. Бүгінде отыз немере, екі шөбере сүйіп отырған абзал шаңырақ иелері. Авторы: Гүлмира Аймағанбет, Шиелі ауданы

Соңғы жаңалықтар