Жеңістің 65 жылдығына орай Даңқ мемориалы жанынан жас көшеттер бағы орын тепті
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жаңа бақтың ашылу салтанатына қарт жауынгерлер мен тыл ардагерлері, еңбек ұжымдары, шағын және орта бизнес өкілдері, мемлекеттік емес ұйым мен жастар бірлестіктерінің белсенділері, «Жасыл ел» жастар жасақтары мен студенттер құрылыс отрядтарының өкілдері қатысып, өз қолдауларын көрсетті. Салтанатты жиында сөз алған облыс әкімі Сергей Дьяченко «бүгінгі іс-шара ұрпақтар сабақтастығының айқын көрінісі және маңызы зор игілікті бастама. Жеңіс бағының ашылуы - қаза тапқандарға көрсетілген құрмет, біздің бақытымыз үшін жандарын пида еткендер есімі халықтың мәңгі есінде сақталады», деп атап көрсетті. Жаңа бақ Даңқ момериалының жанды жалғасы болып табылады. Жиналған қауым Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында жақсылықтың бастамасы ретінде алғашқы 30 түп шырша көшеттерін отырғызды. Ұрпақ сабақтастығының көрінісі жастар «Жасыл ел» айшықты жазуы бар спорт киімдері мен бейсболдарын қарт жауынгерлерге тарту етті. Алдағы уақытта жаңа бақ көкшеліктер мен меймандардың серуен құрып, мәдени тынығар орталықтарының бірі болмақ.