Жер қатынастарында жеке меншік қағидаттардың сақталуы маңызды - А. Перуашев

«Жер мәселесі, оның тағдыры кім-кім үшін де аса маңызды. Жердің экономикалық, саяси-әлеуметтік, экологиялық қырлары баршылық. Қоғамда жер мәселесі бойынша қызу пікір алмасулар өтуде. Жалпы алғанда жер тағдырына бүкіл еліміздің, халқымыздың, тәуелсіздігіміздің тағдыры байланысты. Сондықтан да, «Ақ жол» партиясы Жер кодексіне енгізілген өзгерістерге мораторий туралы Елбасының шешімін толық қолдайды», - деді А. Перуашев.
Оның айтуынша, кез келген кәсіпкер үшін жерді келешекте жеке меншікке алу - өз ісінің тұрақтылығын, болашаққа сенімділікті қамтамасыз ету мүмкіндігін білдіреді.
«Жер үшін оған шаруақор, оның құнарын арттыруға мүдделі, оны жыртқыштық пайдаланудан қорғайтын иенің болуы да маңызды. Бұл ретте жеке меншік нарықтық экономиканың негізі екенін ескере келе, бизнес-қауымдастық мүддесіне жұмыс істейтін «Ақ жол» партиясы жер қатынастарындағы жеке меншік қағидаттарын жүзеге асыруды қолдайды. Сонымен қатар, реформа жолын таңдағаннан соң бір аяқты нарықтық экономикаға өткізіп, екінші аяқпен социализмде немесе көне дәстүрде қалып қою еш қисынға келмейді», - деді А.Перуашев.
Бұдан бөлек, депутат жер реформасында қордаланған мәселелердің әлі шешімін таппай отырғанын айта келе, оның бірқатарына тоқталып өтті.
«Тұтастай алғанда Қазақстан бизнесі жерге Қазақстан азаматтарының иелік ету мүмкіндігіне қағидатты түрде қолдау білдіріп келеді. Дегенмен, бұны біз міндетті емес, мүмкін болатын мәселе ретінде қарастыруымыз керек, яғни жерді жеке меншікке қалай болса да үлестіріп бере беруге еш болмайды. Бұл ретте ашықтық пен әділдікті қамтамасыз ету аса өзекті, меншік нысанын асыра сілтеушіліктен де, тұрақсыздықтан да қорғауға тиіспіз. Жерді үлестіргенде оның бір ғана қолға шоғырланғанын болдырмайтындай лимит те керек. Жерді тіпті бір аудан төңірегінде монополияға айналдыруды болдырмайтын заңнамалық нормалар қажет», - деді А. Перуашев.